Саясат

Тимур Сүлейменов – «Формула-1»-дің «гонщигі» сияқты...

Әрине, Парламент мәжілісіне заң жобасын алып келген министрлердің депутаттардан ұрыс есітпейтіні кемде-кем.

Jasalash.kz
Бірақ, солардың ішінде ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтей сөзден «соққы» алғандары сирек шығар-ау. Әйтеуір, экономика министрінің терісі қалың екен. Сүлейменовті әсіресе, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің өзі жақсылап тұрып сүйкеп алмай, жайына жіберген емес.Жалпы алғанда Тимур Сүлейменов үкіметтің жеке «докладчигі» десе де болады. Өйткені, кез-келген жиында экономика министрі ең алдымен баяндама жасайды. Және бір жиында екі-үш мәрте баяндама жасайтыны тағы бар. Осыдан кейін құдай біледі, Сүлейменовтің жұмыс уақытының біраз бөлігі баяндамаларды қарап шығу мен судыратып оқып шығуға жұмсалатын сияқты. Мінбеге көп шығатын болғаннан кейін ұрысты да көп естиді.Осы аптада ұлттық экономика министрі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын алып келді. Сөйтіп Сүлейменов әдеттегідей сынның астында қалды. Маркерлеу мен этикеттеу мәселесіне байланысты құрылып жатқан арнайы орталыққа спикер Н. Нығматулин сеніңкіремеді. «Бұл дегеніміз кәсіпкерлерден тек ақша жинайтын делдал орталық қой. Оның үстіне бұл орталық жекеменшік болады екен. Дәл осы жұмысты министрліктің өздері де атқара алады емес пе?» деп шырылдады мәжіліс төрағасы.Сөйтіп еді, Сүлейменовтің сөзі лезде өзгеріп шыға келді. «Бұл мәселені екінші оқылымға дейін тағы жақсылап зерттейік. Егер шынында делдал орталық болса, оны өзгерту керек» деді министр. Міне, осы кезде Нұрлан Нығматулин күшіне мінді. — Кейде сіздер үкіметте заң жобасын дайындаған кезде мені кешіріңіздер, мәселеге тереңірек қарамайтын сияқтысыздар, — деп бастады әңгімесін мәжіліс төрағасы. — Заң жобасын мәжіліске алып келіп, депутаттар дәлелді ұсыныстар енгізген кезде, сіздер «Формула-1»-дің «гонщиктері» өз дөңгелектерін ауыстырған сияқты аяқ астынан позицияларыңызды өзгерте саласыздар. Яғни, тура осы жерде тұрып өз заңдарыңызды тереңірек түсіне бастайсыздар. Позицияларыңызды өте жылдам өзгерткендеріңіз – сіздердің заң жобасына атүсті, жүйесіз қарайтындарыңызды байқатады. Әрине, әріптестерім, кешірсін. Бірақ, біз осы жәйтке тағы куә болдық.Күні кеше ғана сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сауатсыз келетін заң жобаларын сынап, үкіметке ескерту жасаған болатын. Міне, іле-шала мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де әлі піспеген заң жобаларын мысалға келтіріп, үкімет мүшелеріне Сүлейменовтен сәлем айтып жібергендей болды.Фото: zhasalash.kz
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега