ТМҰ: Идеядан іске көшетін кез жетті ме?
Өткен апта Қазақстанда ауқымды саяси оқиға болды. 13 мамырда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мемлекеттік сапармен келсе, 15 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті өтті.
Биыл сәуір айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жұмыс сапарымен барып, Анталия дипломатиялық форумына қатысып қайтқан. Араға бір ай салып, Түркия басшысы біздің елге мемлекеттік сапармен келіп отыр. Ең қызығы, Ердоған біздің елді бетке алғанда АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға сапар шеккен болатын. Сондай-ақ Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров БРИКС жиналысына қатысу үшін Үндістанға барды. Демек өткен апта әлемдік геосаясат үшін де, Қазақстан үшін де қарбаласқа толы болды.
Билік басындағылар «қазақ-түрік қарым-қатынасының жоғары деңгейге жеткенін» айтып, мақтанып жатыр. Бірақ бұған сенім аз. Мысалы, былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 5,4 млрд доллар болды, дәл осы аралықта Астана мен Бейжің өзара 40 миллиардтан аса сауда-саттық жасаған. Осы цифрлардың өзі Анкарамен арақатынасымыз әлі ойдағыдай емес екенін аңғартатын сияқты.
Ердоған сапары: «Ясауи» ордені мен дрон өндірісі
Ердоғанды Ақорда құшақ жая қарсы алып, барынша сый-құрмет танытты. Түркия президентінің борты еліміз шекарасына енген сәттен Астана әуежайына дейін ҚР Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшып, трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді. Түрік басшысын ел президенті Тоқаев Астана әуежайынан өзі күтіп алды. Екі елдің жалаушасын ұстаған балалар Режеп Тайып Ердоған бастаған Түркия елінің ресми делегациясына «Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп екі тілде қошемет көрсетті.
14 мамырда екі президент келіссөз жүргізіп, Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты. «Екі ел арасында тек достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!», – деді Қазақстан президенті. Ал Ердоған «Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін», – деп, Ақорда көрсеткен сый-құрметке алғыс айтты.
Келіссөздер нәтижесінде қос тарап бірнеше келісімшартқа қол қойды. Соның арасында жұрт назарын аударған бірнеше келісім бар. Мысалы, Түркияның ANKA әскери дронын өндіретін және сервистік қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім көпшілікке ұнағаны анық. Өйткені кейінгі жылдары Түркия әскери саладағы дрон өндірісі бойынша әлемде алдыңғы қатарға шыққанын білеміз. Сондай-ақ Түркия Қазақстанда «Маариф» түрік қорының екі мектебін ашып, аурухана құрылысын қаржыландырмақ. Бұдан бөлек, екі ел энергетика, қорғаныс, сауда-саттық, мәдени-ағарту және логистика мәселелері бойынша келісімдер жасады.
Ресми дерек бойынша, Түркия Қазақстан экономикасына 6 млрд доллар инвестиция құйған екен, ал Қазақстанның Түркияға инвестициясы 2,5 млрд долларға жеткен. Қазір елімізде түрік капиталы бар 3 800 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қазір Түркияда Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы оқиды, ал Қазақстанда 260-қа тарта түрік студенті білім алып жүр. Астанадағы отырыста екі ел басшысы екіжақты сауда көлемін 15 млрд долларға жеткізуге уағдаласты.
Айтпақшы, Тоқаев Ердоғанға «Қожа Ахмет Ясауи» орденін табыстады. Ең қызығы, бұл орден сол күні ғана мемлекеттік марапаттар тізіміне қосылған болатын. Сөйтіп, Ердоған «Ясауи» орденін алған алғашқы адам атанды. Түрік президенті бұл құрметке дән риза екенін айтып жатты. Сондай-ақ Түркияның Газиантеп провинциясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылғаны хабарланды.
Жанат Момынқұлов, саясаттанушы: ТМҰ – геоэкономикалық жоба
Президент Тоқаев «ТМҰ геосаяси әрі әскери одақ емес» дегенді кездейсоқ айтқан жоқ. Бұл Қазақстан сыртқы саясатының терең логикасынан туындаған стратегиялық бағдар. Осы арқылы Тоқаев ұйымның шекарасын айқындап, өзіне тым сенімді серіктестерге «қызыл сызықты» көрсете отырып, Астананың көпвекторлы саясатына қауіп төндірмейтін форматты ресми түрде бекітіп отыр. Яғни ТМҰ геосаяси емес, ол геоэкономикалық жоба, функционалды интеграция құралы, теңгерім элементі.
Қазір ТМҰ болашағын әскери-саяси блок ретінде қарастыру реалист ұстаным емес. Қазақстан үшін қауіпсіздік құрылымы әлі де Ресеймен байланысты формат арқылы іске асуда, ал экономикада Қытай мен Еуразиялық кеңістік маңыздырақ. Сондықтан ТМҰ-ны НАТО немесе ҰҚШҰ тәрізді альянсқа айналдыру Астананың стратегиялық мүдделеріне қайшы келеді. Ұйымның нақты әлеуеті геоэкономикалық және логистикалық платформа ретінде артуы мүмкін. Орта дәліз, Каспий арқылы өтетін бағыттар, Түркия мен Әзербайжан бағытындағы транзит – ТМҰ-ның шынайы әлеуеті мен күшін көрсетеді.
Түркия мен Әзербайжан ұйымды стратегиялық, тіпті ұзақ мерзімде геосаяси орталыққа айналдыруды қалайды. Ал Қазақстан және Орталық Азия елдері сақ қимылдап, функционалды, кезең-кезеңімен дамуды қолдайды. Түркия өзін аймақтық алпауыт күш ретінде көреді және қорғаныс өнеркәсібі, әскери технология арқылы ықпалын күшейткісі келеді. Ал Қазақстан үшін басты міндет – балансты сақтау, яғни Ресей, Қытай, Батыс және Түркия арасындағы маневр кеңістігін жоғалтпау.
Осы тұста «Түркия факторы біз үшін мүмкіндік пе, әлде балама ма» деген сұрақ туындайды. Түркия Орталық Азияда Ресейдің толыққанды қауіпсіздік баламасы бола алмайды. География, Ресеймен арадағы әскери инфрақұрылым және институционалдық байланыстар бұл мүмкіндікті шектейді. Бірақ Анкараның рөлін төмендетуге де болмайды. Түркия қорғаныс өнеркәсібі, білім беру және стандарттар, логистика мен сауда арқылы аймаққа балама мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұл, әрине, толық қауіпсіздік кепілі емес, бірақ тәуелділікті әртараптандыратын маңызды ресурс.
Қазақстанның рөліне келсек, ұйым ішінде еліміз реализмнің қазығына, прагматизмнің тірегіне айналып отыр. Еліміз интеграцияны шектемейді, бірақ оны шынайы геосаяси жағдайға бейімдейтін күш. Қазақстан ұйымды тым әскериленуден, саясиландырудан және пан-түркілік идеологиядан сақтап отыр. Бұл саясаттың негізінде маңызды бір қағида жатыр: Қазақстан ешбір бағытта өзінің басқа міндеттемелеріне қайшы келетін интеграцияға бармайды. Сондықтан түріктермен ортақ әскер құрмаймыз, біртұтас сыртқы саясат жүргізбейміз, анти-ресейлік немесе анти-қытайлық блок болмаймыз. Бірақ логистика, сауда, цифрлық және өнеркәсіптік ынтымақ дами береді.
ТМҰ саммитінде не айтылды?
Түркі мемлекеттері ұйымының биылғы бейресми саммиті Түркістан қаласында өтті. «Жасанды интеллект және цифрлық даму» деп аталған жиналысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті Туфан Эрхюрман және ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев қатысты.
ТМҰ-ға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мүше болып отыр. Ал Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие. 2025 жылғы бейресми саммит алғаш рет Еуропа аумағында – Будапеште (Венгрия) өткен. Сол кезде сарапшылар «ТМҰ-ның географиясы кеңейіп, саяси салмағы мен беделі артады» деп болжаған еді. Бірақ биылғы жиынға Венгриядан өкіл келген жоқ. Жақында мажарлар елінде сайлау өтіп, елді ұзақ жыл билеген Виктор Орбан жеңіліп, премьер-министр қызметіне жас саясаткер Петер Мадьяр келген болатын.
Түркістандағы бейресми саммит саяси тақырыптар көп қозғалмаған, «жуас» жиналыс ретінде тарихқа енді. Бұл ешкімді ренжітпей, бәрінің көңілін табуға тырысатын Астананың саяси ұстанымына байланысты болса керек. Қазақстан президенті ТМҰ-ның «геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес» екенін айтып, «ұйымды «әскери альянс» деп сипаттап жүргендердің теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды», – деді.
Түркістандағы саммитте негізінен жасанды интеллект, цифрлық басқару, «ақылды» инфрақұрылым, инновациялық экожүйелерді дамыту сияқты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Түркі әлемінің тарихи, мәдени және рухани мұрасын дамыту сияқты гуманитарлық тақырыптар сөз болды. Біз мемлекет басшылары қабылдаған Түркістан декларациясымен танысып шықтық. 44 тармақтан тұратын декларацияда геосаяси мәселелер мүлде айтылмаған десек те болады. Тіпті ТМҰ-ға мүше мемлекеттер үшін өте маңызды мәселе саналатын Транскаспий бағыты сияқты логистикалық жобалар жайлы да көп айтылған жоқ. Шамасы отағасы ел ықылас танытпаған соң басқалар да бас жаққа барыспаған сияқты.
Елде кей ағайын «Қазақстан ТМҰ мен Түркияға арқа сүйеуі қажет» деп санайды. Бірақ бұл ұйым әлі күнге дейін идея күйінен аса алмай отыр. Жыл сайын жиналып, саммит өткізгенімен, бәрі қағаз жүзінде, келіссөз күйінде қалып жатқан сияқты. Келіссөздің келісімшартқа, құжаттың нақты әрекетке ұласқанын көрген жоқпыз. ТМҰ идеясы қашан іске асатыны белгісіз...
Қуаныш ҚАППАС