Саясат

Той жыры

Бұл – белгілі әннің атауы емес, қазіргі пікірталастың мақамы– Бұл айда пәтерақы төлеу жағы қиынға соқты.

Jasalash.kz

–       Біздің де шекеміз шылқып отырғаны шамалы. Той жоқ, құда шақырыспайды. Зат өтпейді дегендей...

–      Сіздің сауда сәл төмендеген шығар. Біздің жұмыс мүлде тоқтады ғой. Мейрамханалар жабылып қалды. Енді кімнің ыдыс-аяғын жуамыз?

–       Тойды тоқтатыңдар дейді. Тап бір бәріміз тойып секіріп жүргендей. Өзге сала өркендесе, сол жақтан ырысымызды айырар едік қой. Әзірше маңдайға жазылғаны – шар үрлеп, гүл жасап, таспа өріп, той берушінің көңілінен шығып келдік. Біздің де бизнес тоқтап қалды.

–       Табақтай дипломды  күресінге лақтырмасақ та, сандық түбіне сүңгітіп, сандалып жүрісіміз мынау. Кірісімізге шүкір деуші едік.

–      Топырақтанушы едік. Тапырақтап қалған ғылыми институттың бүгінгі жалақысын жауымыздың да басына бермесін. Той жабуын жабыла тоқып, шамалы болса да тұрмысты түзедік. Үй алдық. Көлік міндік. Міні бар шығар, бірақ қазақ тойының бәрімізге ортақ қазына болғаны шындық қой.

       Біз сырттай бақыладық. Әңгімелері естіліп тұрды. Есті дүние емес шығар. Күйбің тірліктің күрделі тұстары. Бастары қосылған бесеудің де нәсібі ас-тойдың айналасында екен. Бірі той жабдықтарын сатады. Екіншісі безендіру ісіне маманданған. Тағы екеуі мейрамханада жұмыс істейді. Бесінші, әлгі топырақтану ғылымының өкілі, мейрамханаларға кулинарлық өнімдер жеткізуші екен. Сөз саптасынан аңғардық. Осалы жоқ. Өз ісінің байыбын білетіндер. Табыстары айына аз дегенде, 200 мың теңгенің шамасына барыпты. Ол енді жұмысшы сөзі. Өзгелері де өткен күндеріне өкініп отырған жоқ. Әлемдік пандемия кезінде елімізде той тоқтап, бәрі де табыс көзінен қағылған. Ауылда жұмыс жоқ. Кейбіреуі қалаға келіп күнелткен екен. Енді жалдаған пәтерінің ақысын төлеу мүмкін емес. Елге барудың тағы рет жоқ. Дағдарысқа түскені анық. Арасында енді той тоқтаса деп тілек айтқандарды да сыбап алысты.

–       Өзге өндірісі жоқ, тек той бизнесі дүрілдеген елде салтанат біткен тоқтаса, талай отбасы аштан қырылмай ма?

–       Соны түсінетін үкімет қайда? Жабыңдар деді, жаптық. Анау болымсыз ақшасы қай жыртыққа жамау болады?

–       Жамауың не, алдық деген аты ғана. Базар бағасы күйіп тұр. Тауар біткен бірнеше есе қымбаттады. Оны ауыздықтайтын кім бар, бұл елде?

–       Өтемақы дейсіңдер ме, сол 42 500 де қолға тимеді ғой. Қисыны келмейді деген жауап алдық. Не де болса мына пәленің қарқыны қайтып, мейрамханалар ашылса екен.

–       Сол күнді сарыла күтіп жүрген жоқпыз ба?

       Бас қосқан бесеудің мұңын естіп ойға шомдық. Шынында да, соңғы 30 жылда біздің елде мықтап дамыған өндіріс осы ас-той екен. Алдымен кішігірім асханаларда, кейін мейрамханаларда, қазір зәулім сарайларда өтетін той-томалақтардағы айналып жүрген ақшаны есептеуге адам миы жете қоймас. Заманауи санағыш аппараттарды көмекке алмасаңыз. Той туралы аңызға бергісіз әңгімелер бар. Тіпті той залына жас жұбайлар мінген көлік тіке кіретіні түк болмай қалды. Операторлардан естиміз. Дөкейлердің тойы баяғы патша салтанатынан бір кем емес. Қайта он орап алатындары бар екен. Бар жиғанынан той жасап, тауысуға бейімделген қазақ үшін кеткен шығын кепкен көйлек секілді. Еш уайымға батырмайды. Бізге той керек пе дейтіндер пікірі өзгеше өрілетінін іш сезеді. Той тоқтаса елде не болады? Осы сауал да бізді жиі толғандырады.

 

        Тақырыпқа тұздық

       2018 жылы күзге салым сол кездегі парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасына былай деп жазды: «БАҚ-та үйлену және басқа да тойларды жаңа үлгіде өткізуге қатысты пікірталастарды қолдаймын. Көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа жол бермей, бауырлас өзбек, түрік, түрікмен xалықтары сияқты ұлттық дәстүрге баса мән беруіміз қажет». Мемлекеттегі екінші адамды қолдауға дайын тұрғандар көп екен. Мысалы, депутат Бақытбек Смағұл басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Тоқаевтың айтқанын қолдау керек. Себебі қазіргі таңда Тәжікстанның өзінде мемлекет басшысы тойға қанша адам қатысу керек, дастарханның шығыны қанша болу керегін нақтылап белгілеп берді», – деді. Пікір айтқандар тіпті көп. Дәстүрлі әнші Бекболат Тілеухан да, эстрада жұлдызы Досымжан Таңатаров та өз ойларын ортаға салды. Оның бәрін саралау міндетімізге кірмейді.

       Біз той жыры неге бітпейді немесе оның толастар кезі келді ме деген сауалға жауап іздеп көрдік. Жалпы, көл-көсір тойдан ұтылатын кім, ұтатын кім – соны екшеу. Таразы басы қайда ауарын біліп тұрсыз. Қалтадан қағылатын той иесі. Ал әлгі анекдоттағыдай, құдалар Ақтаудың мұнайшылары болса ше? Келгені 1000 доллар ұстай келетін. Ойланып қаласыз, иә? Рас, заманауи тойларда ысырап көп. Әсіресе бай-бағландар тойында. Келгендер  шетінен ыздиғандар. Оспанхан көкем айтатын «оқтау жұтқандар». Төгілген дастарханға қасық тигізбей қайтатындар бар. Қазақ «Тойға барсаң, тойып бар» дегенді дәл соларға өсиет етіп қалдырғандай. Тағы да сол оператор інішектер айтады. «ВИП тойдың өз ережесі бар. Қонақтардың көбі нан ауыз тимей кетеді. Опырып жейтін ешкімді көрмейсің, әйтеуір. Олар кеткеннен кейін де дастарханға жақындау мұң. Шолақ белсендіге көп ұқсайтын күзетшілері қоқаңдап, қолыңа ештеңе ұстатпайды. Аста-төк тағамның кейінгі тағдыры қалай болар екен?! Қызық, жинап әкетуге де бір рота әскердің күші қажет». Мұндай тойдағы ысыраптың көлемі белгілі. Шөп қорыған ит секілді абалағандар айналаға ештеңе алдырмаса, сонша астың рәсуа болатыны анық қой. Қазіргі президенттің сенат төрағасы кезіндегі сыны дәл осы ВИП-той егелеріне арналса керек. Өйткені біз білетін тойда келушілерден көп ештеңе артылмайды. «Тойдан тобықтай» десіп, ыдыс, сауыттарына толтырып сарқыт салып алады. Және ол дұрыс та.

 

                     Тоқтаған той қай бизнеске тұсау салды?

      Той уақытша тоқтап тұр. Қазына деп қабылдайтын шаттық қазаны қайнамағалы да жарты жылға жақындап қалды. Жұлдыздай самсаған мейрамханалардың мейманасы тасып жатушы еді. Қазір маңайы жым-жырт. Ішінде де тіршілік жоқтың қасы. Тоймен бірге елдегі бизнес те ентігіп қалды. Ентігетіні – ел біткен өз ісін осы ас-тойдың төңірегінде дөңгелетеді екен ғой. Әлгі Итбай заманында болыстың Атай патшаны ұлықтауға арналған мерекеге шақырылған тұсын Сәбит Мұқанов тамаша суреттеуші еді ғой. «Өмір мектебінде» де ас-жиынның ажарын ашып тұрып әңгімелейтінін бала кезімізде тұшына оқыдық. Оқыдық та, өз заманымызбен салыстырдық.

       Ол кезде қазақ фольклордан толық адаспай тұрған кезі. Ауыл тойы көңілді өтуші еді. Бізді ақсақалдардың сабырлығы мен әжелердің шыдамдылығы таңғалдыратын. Үзіліссіз сегіз сағатқа дейін дастарханда отырады. Сонша уақытта бірде-біреуі сыртқа сұранбайтын. Не деген төзім десеңізші.  Кедей-кепшіктің өзі «Өзге тойды тойламасаң тойлама, екі жастың осы тойы тойлансын» деп келетін қаулы іспеттес әннің шумағына толық бағынады. «Асып тұрған, тасып тұрған шағыңда, Шығын шығып кетеді-ау деп налыма, Өткен шығын орнын тауып оралар, Күлімдеген балаң тұрса алдыңда», – деп қайрап қоятыны тағы бар. Жоқтың өзі осы әндегі айтылар ойды тойына қазық етсе, бай-бағландардың барометрі қай шамада екенін түсіне беріңіз.

      Екі таптағы шығын көлемі бір-біріне тіпті ұқсамайтыны тағы белгілі. Дегенмен малдысы да, малсызы да ел бизнесіне қан жүгіртіп тұрғаны анық. Әрине, әркім өз шамасына қарай. Шағын бюджетті тойдың өзі бірнеше миллион теңгені жұтып қояды. Егер ол үйлену тойы болса, ақылдасар шайыңыз, кигізетін китіңіз бар, құда күтуіңіз, «құдайға шүкірге» дейінгі шығын бір төбе және ол жанама шығындар ғана. Қарпып өтетіні кәдімгі тойдың өзі. Қыз-күйеудің киінуі мен жасануы да жарты жүйкені ғана емес, жүздеген мыңды жұтып тынады. Киім сатқандар, кебіс ұсынғандар, тіпті әлгі шашын күзеп, әлпетін әрлеп беретіндер бір жырғап қалмай ма? Бір емес, бірнеше бизнестің шашбауын көтердім деп есептеңіз, ендеше. Жалданатын көліктер, қамданатын кісілердің киім-кешегі де әлгі сол іске кірісетіндердің пайдасына шешіледі. Безендіру де бір бейнет. Бейнет болғанда, ауыртпалығы тағы сол қалтаға түседі. Төлесеңіз, төріңізді түрлендіріп жібереді және өзіңіз саусақ ұшын тигізбейсіз. Сән салонының бірінде өзіңізді әрлетіп дегендей. Ол да бір шығын, әрине.

       Қазақтың және бір іскерлік саласына ісіңіз түсті ме? Шақыру билетінен басталатын, үйдей етіп шар үрлейтіні, көлікті ғана емес, үйдің іші-сыртын гүлдейтін маманы да табыла кетеді. Олар жұмысына алады. Затты тасып әкелетіндер ше? Олардың да саудасы қыза түспей ме? Сіз тойға кіріспей жатып-ақ, талай бизнестің жұмысын жандандырып қойдыңыз. Енді мейрамхана бар. Ұнағанын тауып, тапсырысын беріп шықтыңыз. Олар ас дайындайды. Салат-сауқатты да сол астың ішіне кіргізіп жібердік. Жемдеп отырған малы бар шығар. Жоқ болса, базар барып алады. Көкөніс, кәмпит-шоколадыңыз да алынады. Тағы бірнеше бизнестің өркендеуіне әсер еттіңіз. Мейрамхана қызметкерлері, әкімшілігінен бастап, аспаз-даяшыға дейін сіздің тілеуіңізді тілейді. Өйткені тойханалар олар үшін бірден-бір табыс көзі. Студенті оқуына төлейді. Жастар жүріс-тұрысына жұмсайды. Тұрмыс құрғандары отбасының нәпақасын айырып отыр. Мейрамхана егесінің табысы өз алдына. Бағанағы бесеу бекер зарланды дейсіз бе? Кезінде бірнеше мейрамханаға иелік еткен, әкімшілік жұмысына араласқан жеңгеміз Гүлнар Жақсымұратқызы айтатын: «Бір мейрамхана қырыққа дейін отбасыны асырап тұрды. Ішкі-сыртқы қызметкер-жұмысшы саны соған барады. Тауар таситыны бар, күзетшісі мен қара жұмыста жүретіндерін есептеп отырмын. Әлгі асаба, музыка қоятыны, таспаға тартатынының бізге қатысы жоқ. Олармен той иесі өзі келіседі», – деп.

       «Той өтпесін» деп ұран тастаймыз да, әлгі қырық шақтылар тағдыры қалай болады деп ойламаймыз, иә? Пайда табатын шығар. Салық төлеуден де жаңылмайды солар. Той ғана қайнап жатқан жоқ, ақша біткен айналымға түсті. Тұтас экономиканың жанын кіргізіп, қанын таратқан жоқ па? Рас, егер жеңіл өнеркәсібі өрге тартқан, ауыр өнеркәсібі де аттан ауып қалмайтын ел болсақ, той маңы ұсақ-түйек іс көлемінде ғана қалар еді. Қазақ несиешілміз. Той маңында жүргендердің көбінің мойнында несие бар. Олар енді төлеу қабілетінен айырылып отыр. Банктердің басы қатпайтын шығар. Сот орындаушыларын жалдаса да, жаңағы борышкерлерді сыққанда сөлін алады ғой. Ақша таппай қалғандар қайтеді? Қоғам осы сұрақ төңірегінде де толғануы тиіс.

                                     Той иесін қанайтын кім?

       Рас, ас-тойларда дақпырт та жеткілікті. Әсіресе оңай табысқа кенелгендер отқа май құя түседі. Кісі естімеген, адам көрмеген тың әдіс, тосын тәсілді таба салатындар да солар. Жеңіл табыс не істетпейді? Әншілерге кететін қаржының басым көбі сол оңай олжа бөлісінен шығар деп топшылаймыз. Ойлаңызшы, маңдай термен келген жалақыдан кім жырып беріп, әншіні жарылқайды? Ауыз жыбырлатқанына қалта толтырып ақша алатындарға адал табыстан кім ұстата қойсын? «Бір шыққаным 2 миллион» деп шіренетіндер сұранысын тек көлденең табыс табатындар ғана қанағаттандыра алады. Анығын Алла біледі. Біздің түсінікте жалақыға жарқыратып той жасау мүмкін шығар. Бірақ оған әнші жалдай алмайсыз. Жарылып кетсеңіз де, шындық сол. Тіпті миллион шамасында  жалақы алатын депутаттар да ондай ерлікке қауқарсыз. Өйткені табысы жетпейді. Егер әншіге уыстап ақша берсе, күмәнді айналым көлеңкесі көрініп қалады. Демек, той біткенде реттелуі тиіс осы әншілер тарифі. Ол азаймаса, қоғамда жемқорлық ізінің суымағаны деп есептейміз. Рас, іскер азаматтар бар шығар. Бірақ олардың да табысын табан астында біреудің қалтасына қотарып салып беруі неғайбыл.

      Мейрамханалар да сұраныс артқан сайын, ұсыныс құнын көтеріп жіберді. Зәулім сарайға той жасалмаса ұлдың қабағынан қар жауады, қыздың кірпігінен мұз тамады. Себебі қатардан қалуға болмайды. Топырлап тапсырыс түскен сайын қазақ тойдан шөлдеп отыр деп ойлайтын мейрамхана егелері кісі басына қарай бірнеше мыңдап ақша сұрайды. Той өтуі тиіс. Өзге жақтағылар да бұлардан биіктетпесе, бағаны аласартпайды. Тап бір жеке намысының өлшемі секілді. Кететін шығын өзекті өртеп тұрса да, еріксіз әлгі мұз бен қарды еріту үшін ата-ана жанқалтасына қол салады немесе банк жағалайды. Демек, той        шығынының артуына осы екі жағдай қазірге дейін қатты әсер етіп келді.

 

                        Той болмағанын қалайтын кім?

      Ондай жанды кездестіру мүмкін емес. Сауыққұмар екеніміз анық. Бұрыннан солай. Қазір қайта саябыр тартты. Бала кезімізде көшеден де, көршілерден де қызық тарқамайтын. Аста-төк болмаса да, барымен базар отырыстарда есеп жоқ еді. Шекаралық жерде тұрдық қой. Арғы беттен келді дегендер орындауындағы шығарма ретінде бекіген әнді біздің ағалар айтып жүретін: «Бұл жақта бірдеңе алсаң жу дейді екен, Жумасаң сырттан келген қу дейді екен». Негізі, түпнұсқа басқаша. Баспасөз мәдениетіне көндіріп, өзімізше өңдегеніміз. Сиыры бұзауласа да «көтен жуамыз» деп, көпшілікке уыз ішкізетін біздің қазақ кез келген қуанышты жұртпен бөліскен. Ол ұлтта тойдың тоқтауы мүмкін емес. Рас, реформа қажет шығар. Тағы да сол тыраштанбай, күшке салмай, балаларды да қалыпқа түсіріп, бюджетті тойға көндіріп дегендей. Бала кезімізді еске алсақ, той ажары ән болатын. Әнді қонақтардың өздері салушы еді. Және ол табиғи шығатын, не таланттар танылатын. Бидің де түбін түсіретін. Тойға барып, демалып қайтатын заман еді. Қазір, шынында да, көмескі сценарийге қапысыз бағынатын, қапаста қалғандай, қалыпта ұстайтын ырду-дырду деңгейіне әлде жеткіздік, әлде түсірдік. Мұның да шегі болуы тиіс қой. Сол шекке ептеп жақындадық та. Қиындық та уақытша. Мына қауіпті вирус ақылымызды шыңдап, түсінігімізді тегіс тереңдетіп жібермейтіні анық. Жақсылық та, жамандық та уақытша. Кезі келгенде санадан өшеді, ұмытылады. Ұмытылған үдере көшіп, тойханаларға баруымыз де бек мүмкін. Сол кезде тойсыз өткен күндердің есесі қайтып қалар. Тек нәпсіге тыйым керек екенін естен шығармайық.

 Амангелді СЕЙІТХАН

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега