Сараптама

Тоқаев 2060 жылға дейін Қазақстанда кемінде үш АЭС салу жоспарын бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 2060 жылға дейін кемінде үш атом электр станциясын (АЭС) салу жоспарын бекітті.

Фото: из открытых источников

Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын бекіту туралы» жарлықта атом саласын дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде қарастырылатыны айтылған. Бұл 2050 жылға қарай қауіпсіз, экологиялық жауапты әрі жоғары технологиялық ұлттық ядролық кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Құжатқа сәйкес, ұзақ мерзімді перспективада бұл кластердің өзегін өнеркәсіп, ғылым, білім беру және радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отынды (РАҚ және ПЯО) қауіпсіз басқару жүйесімен ықпалдасқан атом энергетикасы құрайды.

Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету стратегиясы және базалық генерация көздерін әртараптандыру қажеттілігі ескеріліп, кезең-кезеңімен кемінде үш АЭС салу көзделген. Сонымен қатар, атом энергетикасы кәсіпорындарын біріктіретін ұлттық холдинг құру жоспарланып отыр.

Стратегияға сәйкес, саланы дамыту ең алдымен ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталады. Бұл ретте уран өндіру көлемі, инвесторлар мүддесі және отандық атом энергетикасын шикізатпен қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтау басты басымдық болмақ. Сондай-ақ, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіретін өндірістік қуаттарды дамыту көзделеді.

Құжатта көрсетілгендей, стратегияның негізгі мақсаты – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, технологиялық егемендікке қол жеткізу және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Бұл үшін бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық атом саласын кезең-кезеңімен қалыптастыру көзделген.

Осы бағытта келесі негізгі міндеттер белгіленген:

  • тұрақты энергиямен қамту үшін атом энергетикасын дамыту және АЭС-терді қауіпсіз пайдалану;

  • уран ресурстарын тиімді пайдалану арқылы атом өнеркәсібін нығайту;

  • ядролық ғылым мен қолданбалы технологияларды дамыту;

  • радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған отынды қауіпсіз басқару жүйесін құру;

  • ядролық және радиациялық қауіпсіздік деңгейін күшейту;

  • өндірісті жергіліктендіру және отандық кәсіпорындардың үлесін арттыру;

  • жоғары білікті кадрлар даярлау;

  • атом саласын цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Стратегияда бұл мақсаттарға жету ұлттық ядролық энергетикалық бағдарламаны кешенді дамыту арқылы жүзеге асатыны айтылған. Оның негізгі бағыты – толық өмірлік циклді қамтитын атом электр станцияларын салу және пайдалану.

Сонымен қатар, құжатта саланың дамуын бағалайтын негізгі көрсеткіштер белгіленген. Олардың қатарында жаңа атом генерациясы қуаттарының іске қосылуы, жаңа жобалар үшін уран қорының жеткілікті болуы және АЭС құрылысы барысында қазақстандық үлестің артуы бар.

Фото: Жас Алаш коллаж

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен. Ал биыл маусымда Қазақстан үкіметі бірінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын айтқан. Екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады.

Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АЭС АЭС салу