Саясат

Тоқаев АҚШ пен Иран арасындағы келісімді құптады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Иран арасында қол жеткізілген келісімді құптайтынын мәлімдеді.

Фото: Ақорда

 

Бұл туралы Мемлекет басшысы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Тоқаев қазіргі күрделі халықаралық жағдайда аталған келісімнің өңір үшін ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Тараптардың өзара сенімді қалпына келтіріп, баршаға қолайлы шешім табуына мүмкіндік берген саяси ерік-жігерін жоғары бағалаймыз. Осы жауапты кезеңде табандылық пен стратегиялық көрегендік танытқан Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптың көшбасшылығын ерекше атап өтеміз. Сондай-ақ Иран Ислам Республикасы басшылығының сындарлы ұстанымын құптаймыз. Қазақстан бұл келісім Таяу Шығыста және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудың берік негізін қалайды деп үміттенеді», – деп жазды Президент.

Трамп Иранмен мәміле жасалғанын мәлімдеді

Еске салсақ, 15 маусым күні АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен келісім жасалғанын, Иранға қарсы теңіз блокадасы алынатынын және Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы қайта жанданатынын жариялаған болатын.

Ақ үй басшысының айтуынша, Ормуз бұғазы Иранмен келісімге 19 маусым күні қол қойылғаннан кейін ашылады.

«Мұнай өңір мен әлем үшін қайтадан екі бағытта еркін ағатын болады», – деді Трамп.

Келіссөздерде арағайындық жасаған Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф келісім барлық әскери операцияларды, соның ішінде Израильдің Ливандағы операциясын да дереу тоқтатуды көздейтінін мәлімдеді.

Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісім туралы жаңалық әлемдік қаржы нарықтарына бірден әсер етті.

Келісімнен кейін мұнай бағасы құлдырап, қор нарықтарының негізгі индекстері өсе бастады.

Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 84 доллардан төмен түссе, WTI маркалы мұнай бағасы 81 долларға дейін төмендеді.

Сайт Әкімшілігі