Тоқаев Астанадағы LRT жүйесінің жұмысын іске қосты
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы LRT жүйесінің жұмысын іске қосты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы елордадағы қоғамдық көлік қозғалысын, соның ішінде LRT жүйесін бақылап, үйлестіретін Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысты.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT іске қосылуына байланысты жеңіл рельсті көлікке арналған арнайы диспетчерлік қызмет құрылған. Қоғамдық көлікті бақылау және реттеу жүйесінде 21 маман жұмыс істейді.
Әрбір LRT құрамы 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 пойыз қатынайды, оның төртеуі – резервтік құрам. Пойыздар жүргізушісіз режимде қозғалады.
Ақорданың мәліметінше, қозғалысты басқару, үдеу, тежеу, есіктерді ашу және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толық автоматтандырылған. Сонымен қатар қосымша бақылау үшін қолмен басқару және диспетчермен байланыс мүмкіндігі сақталған.
Жүйе инфрақұрылымына 18 станса мен заманауи депо кіреді. Бағыт бойымен толық жүру уақыты шамамен 40 минутты құрайды. Орташа жылдамдық – сағатына 50–60 шақырым. Пойыздардың аралық интервалы бес-алты минут болады.
Мемлекет басшысы бұл күннің Астана мен бүкіл Қазақстан үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта елорда Еуразиядағы ірі көлік хабына айналуы тиіс екенін айтты.
Президентке 001 сериялы арнайы карта табысталды. Қасым-Жомарт Тоқаев LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» стансасынан «Ұлттық музей» стансасына дейін барды.