Тоқаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Путинді салтанатты түрде қарсы алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ресей президенті Владимир Путинді салтанатты түрде қарсы алды.
Президенттің баспасөз қызметі рәсімді тікелей эфирде көрсетті. Салтанатты қарсы алу шарасы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын сарай алдында жеке өзі қарсы алды.
Құрметті мейманның құрметіне Тәуелсіздік сарайының үстінде Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтары әуеде көрсетілім жасап, аспанда Ресей туының түстеріне боялған түтін ізін қалдырды.
Мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы сәлем беру рапортын тапсырғаннан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Еске салайық, Владимир Путин Қазақстанға 27 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен мемлекеттік сапармен келген болатын. Келіссөз барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайтудың қазіргі ахуалы мен болашағын талқылайды.
28 мамыр күні Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.
Ал 29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы ұйымдастырылады.
Астанаға сапары қарсаңында Владимир Путиннің «Казахстанская правда» газетінде мақаласы жарияланды. Онда Ресей президенті Қазақстан мен Ресейді шынайы достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық байланыстыратынын атап өткен. Оның айтуынша, бұл қарым-қатынастың негізінде ортақ тарих, мәдени байланыстар мен халықтар тағдырының сабақтастығы жатыр.