Саясат

Тоқаев Мадьярды Венгриядағы сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Петер Мадьярды Венгриядағы парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Фото: Ақорда

Президент құттықтауында дауыс беру нәтижелері венгр халқының TISZA партиясының басшылығына және оның бағдарламасына деген жоғары сенімін көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ ол Венгрияның алдағы уақытта да тұрақты дамуына сенім білдірді.

Тоқаев Астана Будапештпен стратегиялық әріптестікті нығайтуға ерекше мән беретінін айтып, екі ел халықтарының игілігі үшін екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.

Мемлекет басшысы Петер Мадьярға жауапты қызметінде табыс, ал Венгрия халқына амандық пен өркендеу тіледі.

Еске салайық, бұған дейін 2010 жылдан бері премьер-министр қызметін атқарып келген Виктор Орбан парламент сайлауында жеңілгенін мойындаған еді. Мұндай мәлімдемені ол Ұлттық сайлау комиссиясының алдын ала нәтижелері жарияланғаннан кейін жасаған. Нәтижелер Мадьярдың проеуропалық консервативтік оппозициялық партиясының айқын басымдықпен жеңіске жеткенін көрсетті.

Сайт Әкімшілігі