Саясат

Тоқаев Моңғолия президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

«Сізді дана, білікті әрі тәжірибелі саясаткер ретінде жақсы танимыз және құрметтейміз. Қазақстанда Моңғолияның гүлденуі жолындағы жанкешті еңбегіңіз жоғары бағаланады. Сіздің көреген басшылығыңызбен ел қарқынды дамып, айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Бастамаңызбен түрлі салада инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Ұлттық экономика тұрақты өсім көрсетіп, халықтың әл-ауқаты артты, елдің халықаралық беделі нығайды. Сіздің жетекшілігіңізбен моңғол халқы алдағы уақытта да даму жолымен алға ілгерілей беретініне сенімдімін», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл жоғары мемлекеттік награданы Моңғолия президентіне Қазақстанға жасаған тарихи сапары аясында табыстау қазақ халқының ерекше құрметінің белгісі екенін атап өтті.

Президент екі ел арасындағы қарым-қатынастың шынайы достық пен өзара құрметке негізделгенін де айтты.

«Үкімет басшысы ретіндегі қызметіңіз екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етті. Қазір Президент ретінде бұл бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтердіңіз. Бірлескен күш-жігердің арқасында қазақ-моңғол байланысын стратегиялық әріптестік деңгейіне шығардық. Бүгін қол жеткізілген келісімдер достығымызды одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз. Қазіргі тұрақсыз кезеңде мемлекеттеріміздің жақындасуы ерекше маңызға ие әрі екі тараптың да мүддесіне сай келеді. Сіз екіжақты қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қостыңыз. Осыған байланысты Сізге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ халқының Сізге және бауырлас моңғол халқына деген айрықша құрметінің белгісі. Екі ел арасындағы достық байланыстар одан әрі нығая берсін», – деді ол.

Өз кезегінде Хүрэлсүх жоғары марапат үшін Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Сайт Әкімшілігі