Саясат

Тоқаев Путинге Украинадағы соғысты «мұздатып қоюды» ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты уақытша тоқтатып, қақтығысты «мұздатып қоюды» ұсынды.

Фото: скриншот

Бұл туралы DW басылымы 25 шілдеде Омбы қаласында өткен екі ел басшыларының келіссөздеріне сілтеме жасап хабарлады. Тоқаев Омбыға Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумына қатысу үшін барған.

Басылым мәліметінше, Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату қажет екенін айтып, қақтығыста жастар қаза тауып жатқанын атап өткен.

Президент Украинадағы соғыстың «мемлекетаралық қақтығыс» екенін айтып, «бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес» екенін жеткізген.

«Біз әрдайым украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне құрметпен қарадық. Бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, соның ішінде бізге де толық түсінікті емес. Мұның бәрін тоқтату қажет. Өйткені бұл соғыс Мәскеу мен Киевтің қарсыластарының мүддесіне қызмет етіп отыр», – деген Тоқаев.

Қазақстан президенті қақтығысты реттеу үшін Ыстанбұл форматына қайта оралып, бейбіт келісімге қарай қадам жасауды ұсынған.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Владимир Путин жауап ретінде Тоқаевқа Украинадағы қақтығысқа қатысты Мәскеудің ұстанымын түсіндіретінін айтқан.

Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуі 24–25 шілде күндері Омбыда өткен Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының аясында өтті.

Сайт Әкімшілігі