Саясат

Тоқаев: Таяу Шығыстағы басты мәселе – Ормуз емес, ядролық қауіп

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, қазіргі талқылаулар негізгі мәселеден ауытқып кеткенін айтты. Бұл туралы ол Анталия дипломатиялық форумы аясындағы панельдік сессияда мәлімдеді.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде халықаралық қауымдастық Иран төңірегіндегі шиеленісті талқылауда көбіне Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына басымдық беріп отыр. Алайда бұл – мәселенің салдары ғана, ал түпкі себеп мүлде басқа.

«Қазір барлығы Ормуз бұғазы туралы айтып жатыр. Бірақ қақтығысқа дейін бұл теңіз дәлізі еркін сауда үшін ашық болды. Сондықтан біз мәселенің мәніне үңілуіміз керек. Ал оның мәні – ядролық технологиялар мен ядролық қарудың таралуында», – деді Президент.

Тоқаев Қазақстанның Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастықты қолдайтынын және барлық тараптарды стратегиялық сабырлылыққа шақырғанын атап өтті. Оның сөзінше, әскери әрекеттерді тоқтатып, келіссөздерге басымдық беру – қазіргі кезеңдегі басты міндет.

Президент сондай-ақ қақтығыстың экономикалық салдарына да тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық экономика бұл шиеленісті айтарлықтай сезінді. Дегенмен, соған қарамастан әлемдік сауда өсімі жалғасып отыр.

«Өткен жылы жаһандық сауда көлемі 2,5 пайызға өсті. Яғни, сауда толық тоқырауға ұшырады деуге болмайды. Бірақ оның сапасы мен мазмұны – үлкен мәселе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Реджеп Тайип Ердоған шақыруымен Түркияға жұмыс сапарымен барған. Сапар аясында ол форумның ашылуына қатысып, бірқатар екіжақты кездесулер өткізуі жоспарланған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Тоқаев