Сараптама

Тоқаев тыйым салған Көкжайлау дауы Almaty SuperSki атауымен қайта қоздады

Көкжайлау дауы Қазақстанда кеше басталған жоқ. Алматының іргесіндегі табиғи аумаққа ірі тау шаңғысы курортын салу идеясы жиырма жылдан астам уақыт бойы қоғамды екіге бөліп келеді.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

 Бір тарап «Алматыға әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы инфрақұрылымы керек, мұндай жоба туризм мен экономиканы дамытуға мүмкіндік береді» десе, екінші тарап «мәселе туризмде емес, нысанның дәл Көкжайлауда салынуында» дейді.

2019 жылы бұл дауға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып: «Көкжайлауда тау шаңғысы шипажайын салуға тыйым саламын. Ол бізге керек емес», – деп, мәселенің нүктесін қойғандай болған. Арада бірнеше жыл өткенде Көкжайлау қайтадан үлкен даудың ошағына айналды. Оған себеп – Көкжайлау атын жамылған Almaty SuperSki жобасы.

Көкжайлауда ірі тау шаңғысы курортын салу идеясы алғаш рет 2000 жылдардың басында айтыла бастады. Ал 2011 жылы сол кездегі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Алматы әкімдігі Көкжайлау аумағында әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы кешенін салуға шындап кірісті. Жоба мемлекеттік бағдарламаларға енгізіліп, оған бюджеттен қаражат жұмсалды. Бастапқы жоспар өте ауқымды еді. Көкжайлау бірнеше аспалы жолы бар демалыс орны емес, Алматыны халықаралық тау шаңғысы орталығына айналдыратын үлкен курорт ретінде ұсынылды. Жобаның әр кезеңіндегі смета мен техникалық параметрлер өзгеріп отырды. Бір кезде оның құны 500 млн долларға дейін бағаланды, кейін жоба арзандатылып, көлемі де бірнеше рет қысқарды. Бірақ сол кездің өзінде-ақ қоғамның бір бөлігі бұл жоспарға үзілді-кесілді қарсы шықты. Онда да ешкім «Қазақстанға тау шаңғысы туризмі қажет емес» деген жоқ, экологтар мен бірқатар сала мамандары үлкен курорт үшін Көкжайлаудың дұрыс таңдалмағанын айтып, дабыл қақты. Оған себеп ретінде бірнеше мысал да ұсынылды. Мұны тәжірибелі экологтар ғана емес, тауда спорт кешенін салған белгілі инженерлер де алға тартты. Соның бірі – Борис Яглинский.

Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі жобаның қарсыластары алға тартып жүрген кейбір аргументтер 1980 жылдардың соңында-ақ айтылған екен.

Фото: Аруна Ортай

Борис Яглинский: Мәселе курортта емес, оның орнында

Борис Яглинский – «Медеу» таулы спорт кешенінің құрылысына жетекшілік еткен мамандардың бірі, «Шымбұлақтың» дамуына қатысқан белгілі инженер, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы. Қазір ол 92 жаста. Соған қарамастан, Алматы тауларында салынып жатқан жаңа курортқа қатысты пікірін ашық айтып жүр. Яглинский де тау шаңғысы туризміне қарсы емес. Керісінше, Қазақстанға үлкен, әлемдік талаптарға сай тау шаңғы кешені керек деп санайды. Бірақ мұндай кешеннің орны Көкжайлау болмауы тиіс деп есептейді.

Оның айтуынша, 1988-1989 жылдары Қазақстан үкіметінің тапсырмасымен Алматы төңірегіндегі тауларда халықаралық деңгейдегі үлкен тау шаңғысы орталығын салуға қолайлы орын іздестірілген. Жұмысқа қазақстандық мамандармен бірге Франция, Испания және Андорраның сарапшылары қатысқан. Қаскелеңнен Түргенге дейінгі тау массиві зерттелген. Яглинский кейін де бірнеше рет сол зерттеу нәтижесін алға тартты. Оның айтуынша, Көкжайлау, Бұтақты, Кімасар және Алматыға жақын басқа да тау бөктерлері зерттелгенімен, ешбірі халықаралық деңгейдегі ірі курорт салуға қолайлы деп танылмаған. Қолайлы бағыт ретінде Түрген шатқалы ұсынылған. 2013 жылы жарияланған сұхбатында да инженер Көкжайлауда әлемдік деңгейдегі жылдам түсу трассалары үшін табиғи жағдай жеткіліксіз екенін айтып, Түргендегі Ойқарағай үстіртінің мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екенін түсіндірген. Яглинский бүгін де сол пікірінен айнымаған.

Фото: instagram.com/@arukahey

«Мен бұл мәселені жақсы білемін. Біз француздармен, испандармен, андорралықтармен бірге Қаскелеңнен Түргенге дейінгі тау массивін зерттедік. Сол кезде шетелдік мамандар да Көкжайлауда ірі тау шаңғысы кешенін салу идеясына үзілді-кесілді қарсы болған», – дейді ол.

Маманның айтуынша, Алматыға жапсарлас тау бөктерінің құндылығы тек шаңғы трассасының ұзындығымен өлшенбейді. Бұл аумақ – қаланың экологиялық жүйесінің бір бөлігі, демалыс кеңістігі әрі таудан төмен қарай келетін ауа мен судың табиғи ортасы. Сондықтан Яглинский «Егер Қазақстанға шынымен халықаралық деңгейдегі тау шаңғысы курорты керек болса, неге ондаған жыл бұрын арнайы зерттеліп, үлкен мүмкіндігі бар деп бағаланған басқа аумақтар қарастырылмады?» деген сұрақты алға тартады. Көкжайлау жобасына қарсы экобелсенділер мен экологтардың да айтар ойы осы, яғни курорт салу керек, бірақ оны салғанда дұрыс орынды таңдау маңызды.

Жақында Алматыда өткен баспасөз мәслихатында да мамандар осы мәселені қайта көтерді. Онда Көкжайлаудағы SuperSki жобасының орнына Түрген бағытын қайта қарау ұсынылды. Ұйымдастырушылар Яглинскийдің бұрынғы халықаралық зерттеулеріне сүйене отырып, Көкжайлауға қарсы екенін атап өтті.

Фото: Аруна Ортай

Тоқаев салған тыйымды неге ешкім елемеді?

2019 жылдың көктемінде Алматы қаласының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбек жобаны кейінге шегеруді ұсынды. Тоқаев бұл шешімді қолдап, сарапшылар мен қала тұрғындарының пікірін зерттеу қажет екенін айтты. Бірақ бірнеше айдан соң президент нақты мәлімдеме жасады. Алматыға жұмыс сапары кезінде Тоқаев Көкжайлау мәселесіне арнайы тоқталып: «Қайтадан осы мәселеге оралмау үшін мен бүгін осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Ол бізге керек емес», – деді. Президент сол кезде жобаға кәсіби экологтар мен қоғамның қарсы екенін де айтты. Сондықтан 2019 жылы қоғам Көкжайлау дауы аяқталды деп қабылдады.

Кейіннен бұрын курортқа берілген аумақты ұлттық паркке қайтару жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп, бір қарағанда, көп жылдық тартыс шынымен тарихта қалғандай еді. Алайда алты-жеті жылдан кейін сол тау бөктерінде қайтадан құрылыс техникасы пайда болды. Мұнымен қоса дау да өршіді.

Фото: Аруна Ортай

Аруна Ортай, журналист: Жоба авторлары президенттің сөзін бұрмалады

– Kazakh Tourism Development Ltd компаниясының атқарушы директоры Ержан Еркінбек БАҚ-қа берген сұхбатында Almaty SuperSki жобасын Көкжайлау жобасынан аса айырмашылығы жоғын айтты. Әкімдік ақшасын төлеген ескі сараптаманы пайдаланғанын да алға тартты. Сондықтан бұлар ескі жобаның тек қана Almaty SuperSki деп атауын өзгертіп қойған. Мұны өздері мойындады. Сосын жерді жалға беруді 25 жылдан 49 жылға дейін ұзартуымыз мүмкін деп жеке компанияның басшысы емес, Конституциялық кеңестің төрағасы сияқты сөйлейді. Ол заңды өзгертетінін алдын ала тон пішіп біле ме? Өзіне не үшін сенімді? Оның артында қандай күштер, кімдер тұр? Жекелеген адамдар заңды өзгерте бере ме? Бұл Президент пен Конституциялық кеңесте бар құзырет емес пе?

Президент әкімшілігіне «президенттің тапсырмасының күшін жоятын ресми құжатты көрсетіңіздер» деп сауал жолдадым. Бұл жоба туризм емес, тап-таза бизнес болып отыр. Не үшін десеңіз, 9 қонақүй, 4 мейрамхана, 27 шале-апартаменті, тағы да басқа нысандар салынбақ. Қандай мемлекет шыңның басына, ұлттық бағының төріне 4 мейрамхана орнатады? Ол жерді кімдер үшін жасап жатыр? Мәселен, мектеп мұғалімі бара ала ма? Қарапайым халық бара ала ма?

Бұл жобаның авторлары президенттің сөзіне сүйенеді екен. «Президент Алматы тау кластерін дамыту бойынша тапсырма берді» дейді. Президент Көкжайлау туралы айтқан жоқ, тек «жалпы Қазақстанда тау-шаңғы кешені салынуы керек» деді. Ал бұлар Көкжайлауға қадалып қалды. Себебі Көкжайлау қалаға жақын. Түрген сияқты алыс жерге салса, адам тарта алмаймыз дегендей, өздерінің қамын ойлап отыр. Сондықтан олар президент сөзін бұрмалап, туризмді қолдайық деген сөзін жамылып, өз пайдаларына шешпек.

Фото: ашық дереккөз

«Шапанын теріс аударып киген» жоба

Қазіргі жобаның ресми атауы – Almaty SuperSki. Оны жүзеге асыруға Kazakh Tourism Development Ltd жауапты. Жоспар бойынша 60 шақырым тау шаңғысы трассасы және 11 аспалы жол салынады. Курорт тәулігіне 10 мыңнан астам адамды қабылдай алады деп жоспарланған. Аспалы жолдарды салуға француздың POMA компаниясы таңдалған. Үкімет құрылыс алаңында жұмыс басталғанын және курортты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланғанын мәлімдеді.

Ресми түсіндірмеде Almaty SuperSki тек шаңғы тебетін нысан ретінде емес, жыл бойы жұмыс істейтін туристік орын ретінде ұсынылған. Оның 70 пайызға жуық трассасы балалар мен жаңадан үйренушілерге бағытталмақ. Жоба авторлары қарт адамдарға, балаларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тау инфрақұрылымын қолжетімді ету жоспарын да жариялаған. Бір қарағанда, қағаз жүзінде бәрі тартымды көрінеді. Бірақ...

Алматы – таудың етегінде орналасқан миллиондаған тұрғыны бар қала. Шымбұлақтың қазіргі мүмкіндігі шектеулі. Демалыс күндері тауға баратын адам қарасы да көп. Қазақстан туризмді экономиканың жаңа драйверіне айналдырғысы келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, жаңа тау курорттарын дамыту идеясының өзінде қисын бар. Бірақ дау басқа жерден тұтанып отыр. Almaty SuperSki-дің негізгі аумағының бірі – тағы да сол Көкжайлау болса, онда 2019 жылы президент тыйым салған жобадан қазіргі жобаның айырмашылығы неде? Атауы өзгергенімен, географиясы өзгермесе, қоғамның бұл сауалды көлденең тартуы да заңды.

Үкіметтің қазіргі ресми хабарламаларында Almaty SuperSki президенттің туризмді дамыту жөніндегі кейінгі тапсырмаларымен байланыстырылып жүр. Рас, кейінгі жылдары Қ.Тоқаев Қазақстандағы туризм инфрақұрылымын дамыту қажеттігін бірнеше рет көтерді. Бірақ жалпы туризмді дамыту жөніндегі тапсырма мен 2019 жылы нақты Көкжайлауға салынған тыйым – екі бөлек мәселе. Кейінгі тапсырмалар бұрынғы шешімнің күшін автоматты түрде жоя ма? Егер жойса, ол қандай құжатпен рәсімделді? Әу баста қоғам мен экологтар бұған қалаға тигізетін зияны үшін, табиғатқа кері әсері болғаны үшін қарсы шыққан еді. Сонымен бірге Көкжайлауға апаратын инфрақұрылымға байланысты ағаштардың кесілуі, ұлттық парк аумағындағы құрылыс және табиғи ландшафттың өзгеруі қоғамның наразылығын туғызған еді. Жол құрылысына байланысты мыңдаған ағаш мәселесі көтеріліп, атқарылған жұмыстар да сынға ұшырады. Бірақ бұл – Көкжайлау дауының бір бөлігі ғана. Негізгі мәселе одан да тереңде жатыр.

Тарқатып айтар болсақ, Алматының тау бөктері – шексіз ресурс емес. Курорт болған соң оған жол салынады, аспалы жол тартылады, мейрамханалар мен қонақүйлер салынады. Әр нысанды жеке қарастырғанда, оның әсері аса үлкен көрінбеуі мүмкін. Бірақ бәрін қосқанда мегаполистің тау алдындағы табиғи кеңістігі біртіндеп урбанизацияланған туристік белдеуге айналуы мүмкін. Экобелсенділердің қауіптенетіні – осы. Олар Көкжайлау ақыр соңында таза тау шаңғысы нысанымен шектелмей, коммерциялық инфрақұрылым көбейетін аумаққа айналады деп есептейді. Сөйтіп, біз жабайы табиғаттан айырылып қаламыз. Сондықтан Көкжайлау дауы осымен жабылды деуге әлі ерте. Бір кезде тоқтатылған жоба жаңа атаумен қайта оралғанда, қоғамның күмәні де бірге оралды. Бұдан былай үкіметке тек курорттың пайдасын айта беру жеткіліксіз болмақ, енді оның неге дәл Көкжайлауда салынатынын және президенттің тыйымы неге еленбегенін де түсіндіруге тура келеді.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі