Саясат

Тоқаев жыл соңында Трамппен Майамиде кездесуді жоспарлап отыр

АҚШ президенті Дональд Трамптың Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гор Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Фото: Ақорда

Кездесу барысында мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

– Біз өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылауға мүмкіндік алғанымызды жоғары бағалаймыз. Әсіресе, сіздің C5+1 форматындағы маңызды минералдар жөніндегі диалогқа қатысуыңызды құптаймыз. Бұл АҚШ-тың Қазақстан мен жалпы Орталық Азиямен ынтымақтастыққа стратегиялық маңыз беретінін көрсетеді. Сондай-ақ екіжақты байланыстарды дамытуға қосқан жеке үлесіңізді атап өткім келеді. Қазақстан АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниетті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, АҚШ президенті Дональд Трампқа ізгі тілегім мен шынайы құрметімді жеткізуіңізді сұраймын. Жыл соңында онымен кездесемін деп үміттенемін және Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырғаны үшін алғысымды білдіремін, – деді Тоқаев.

Өз кезегінде Серджио Гор Дональд Трамптың сәлемін жеткізіп, Ақ үйде Қазақстан президентінің сенімді серіктесі бар екенін айтты.

– Сізді Ақ үйде досыңыз бар екеніне сендіре аламын. Президент Трамп сіздің қызметіңізді жоғары бағалайды. Біз екі елдің мүддесіне сай өзара тиімді шешімдер табуға ұмтыламыз. Мұны АҚШ пен өңір мемлекеттері арасындағы байланыстардың қарқынды дамуы дәлелдейді. Соңғы бір жылдың өзінде 20 миллиард доллардан астам сомаға келісімдер мен мәмілелер жасалды. Бұл тек бастамасы ғана деп сенемін. Сонымен қатар жыл соңында өтетін G20 саммитіне қатысатыныңызға қуаныштымыз, – деді арнайы өкіл.

Кездесуде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін, сондай-ақ маңызды минералдар, көлік пен логистика, цифрландыру және өзге де салалардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Ақорданың мәліметінше, әңгіме барысында Қазақстан құрылтайшыларының бірі болып саналатын Бейбітшілік кеңесінің қызметіне де ерекше назар аударылған.

Сонымен қатар тараптар аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, қазақ-америкалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделі екенін растады.

Сайт Әкімшілігі