Тоқаевтың Путинге айтқан ұсынысының салдары қандай болмақ?
25 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путиннің шақыруымен Омбы қаласында өткен Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысып қайтты.
Бұл 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан дәстүрлі форум болғандықтан көпшілік одан тосын жаңалық күтпеген. Бірақ Қазақстан президентінің бір ұсынысы қарапайым жиналыстың маңызын арттырып жіберді.
Тоқаев Путинмен кездесуде Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуды ұсынды. Қазақстан президенті қақтығыстан өрімдей жастар құрбан болып жатқанын айтып, қазіргі жағдай Ресей және Украинаның дұшпандарына ғана тиімді екенін алға тартты.
«Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, Ыстамбұл-2.0. формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді», – деді Тоқаев.
Осы ұсыныс ел іші-сыртында қызу талқыға түсіп, біраз жұрттың назарын аударды. Бұған дейін Путинмен бетпе-бет кездесуде ешбір елдің басшысы бұл соғыстың түсініксіз екенін айтып, оны тоқтатуды ұсынбаған. Біз «Тоқаев неге мұндай ұсыныс жасады?», «Соғысты тоқтату туралы неге алпауыт елдердің президенттері емес, Қазақстан басшысы айтты?» деген сұрақтарды саясаттанушыларға қойдық.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ: Қазақстан Ресейге ұсыныс айта алатын деңгейге жетті
– Тоқаевтың мәлімдемесі әлемдік медиа тарапынан қатты талқыланып жатыр, оның өз себебі бар. Тоқаев бір апта бұрын Қытайға барған, сол сапардан келе салып осындай мәлімдеме жасады. Оның үстіне Владимир Зеленский мен Дональд Трамптың АҚШ-та болатын кездесуі қарсаңында айтылып отыр. Мұның бәрі бір-бірімен байланысты деп есептеймін. Менің ойымша, Тоқаевтың мұндай ұсыныс айтуына негізінен экономикалық жағдай себеп болды. Әсіресе Каспий аумағындағы КҚК маңындағы жағдайдың шиеленісуі, қазақ мұнайын тасымалдайтын танкерлерге шабуыл жасалуы және Wildberries сауда желісіне жасалған дрон соққысы біздің елдің экономикасына әсер ете бастады. Осының бәрі соғысты шиеленістіріп барады. Каспий аймағында Украина Иранның немесе Ресейдің кемелеріне соққы жасады, оның алдында Израиль соққы жасаған.
Қысқасы, бұл соғыс бізге әсер ете бастады. Қазіргі жағдай экономикаға ғана емес, саясатқа, ішкі саясатқа, әлеуметтік мәселелерге, қоғамның көңіл күйіне әсер етеді. Сондықтан істің басын ашып алғаны дұрыс болды, қанша одақтас ел болғанымен, жеме-жемге келгенде әр мемлекет өзінің қызыл сызығын белгілеп, экономикалық мүддесін қорғауы керек. Осы тұрғыдан алғанда Тоқаевтың мәлімдемесі дәл уақытында айтылды деп есептеймін. Бұл мәлімдеме қауіпсіздік тұрғысынан да, экономикалық мүдде тұрғысынан да, ел тыныштығы тұрғысынан да өте маңызды. Бұл соғыс Ресей мен Украинаның ғана емес, Еуразиялық, тіпті жаһандық мәселеге айналып кетті. Сондықтан Ресейге ең жақын одақтас елдің осындай мәлімдеме жасауы өте үлкен сигнал болды.
Әсіресе «мемлекетаралық қақтығыс», «Украина тілін, халқын құрметтейміз», «не үшін соғысып жатқандарыңды түсінбейміз» деген мәндегі сөздер айтылды. Басқаша айтқанда, «соғысты тоқтат» деп отыр. Мұның мағынасыз, мәнсіз соғыс екені, Әзербайжан мен Армения арасындағы жер үшін тарихи соғысқа ұқсамайтыны сөз болды. Бұл – Путин үшін маңызды сигнал. Бірақ Путин қазірше оған көнейін деп отырған жоқ. Ал алдағы апталарда бұдан да үлкен сигналдар және өзгерістер бола ма, оны уақытында көре жатармыз.
Тоқаевтың мәлімдемесіне көпшілік қатты назар аударды. Қазақстандықтардың көбі осы мәлімдемені қолдайтынын аңғартты, украиндер де қолдау білдіріп жатыр. Бұған дейін ешбір орта держава лидері Путинмен бетпе-бет кездесуде соғысты тоқтату туралы айтпаған. Сол ұсынысты Тоқаевтың айтуы, бір жағынан, жақын қарым-қатынасымызға байланысты болса, екінші жағынан, оны айтуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл мәлімдеме кездейсоқ жасалған жоқ. Әр сөз есеппен айтылатын дипломатиялық ортада мұндай сөздер аса маңызды сигналдан дерек береді.
Бірақ Ресей тарапы дәл қазір соғысты тоқтататынға ұқсамайды. Бұған Омбы форумынан кейінгі мәлімдемелер дәлел болады. Кремль «біз одақтастарымызға соғыстың мәнін дұрыс түсіндіре алмаппыз, енді түсіндіреміз» деп отыр. Мұны қандай оймен айтқаны түсініксіз. Пропаганда күшейе ме, ақпарат майданында тартыс күшейе ме, белгісіз.
Украинадағы соғыс мәселесіне келгенде Қазақстан мен Ресей мүддесі екіге бөлінетіні анық байқалады. Демек, Қазақстаннан осындай дауыстар шыға бастағаны өте дұрыс болды. Бұған дейін Қазақстан өте сақ ұстанымда болған. Қазір санкция қаупі бар екені де жасырын емес. Мысалы, Тоқаев өз сөзінде Еуропа мен АҚШ-тан келген кейбір қоңырауларға жауап ретінде осындай әңгіме айтып отырғанын да аңғартты. Демек, бұл мәлімдемеге санкция қаупі, сондай-ақ басқа мемлекеттердің өтініші себеп болуы мүмкін. Қалай айтсақ та, Тоқаев – Ресейге ең жақын лидерлердің бірі, сондықтан бұл ұсыныс ағайындық тұрғыдан айтылған сөз ретінде қабылдануы мүмкін. Ресейге мұндай сөзді Өзбекстан немесе Қырғызстанның айтпасы анық, сондықтан ең жақын көрші ел әрі одақтас ретінде Қазақстанның айтқаны орынды болды.
Қазақстан президенті мұндай мәлімдемені бекер айтпайды. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Санкт-Петербургтегі форумда айтқан сөзі үлкен резонанс туғызғаны есімізде. Сол кезде Қазақстан ДХР, ЛХР сияқты квазимемлекеттерді мойындамайтынын айтып, Ресейдің бетін қайтарып, қызыл сызықты белгілеп алған. Осы жолы соғысты тоқтатуды ұсынып отыр. Мұның белгілі әсері болары анық. Оны алдағы уақытта көреміз. Ресей тарапының мәлімдемелеріне, АҚШ-тағы жағдайға құлақ түріп отырамыз. Соғысты уақытша тоқтату болмаса да, белгілі бір жаңа дипломатиялық шешімдер ойластырылуы мүмкін. Дәл қазір Ресейдің соғысты тоқтатуға ниетті емес екенін көріп отырмыз, бірақ алдағы апталарда Мәскеудің шынайы стратегиялық шешімдері белгілі болады.
Мұндағы «соғысты мұздату» қақтығысты уақытша тоқтату деген сөз емес, екеуінің табиғаты бөлек. Президент соғысты Кореядағы сияқты бірнеше жылға «мұздатып» тастауды ұсынып отыр, яғни дипломатиялық процесті бастау дегенді білдіреді. Бұл – өте күрделі дипломатиялық шешім. Стамбул-2.0 дегеніміз Ресей Қырым мен Донбасты қазірше сақтап қалады, соңғы шешім кейінгі дипломатиялық қадамдарға байланысты болады. Бірақ бұл жерде Сумы облысы немесе Харьков облысы территориясы туралы сөз жоқ. Осы тұрғыдан алғанда бұған Ресей көнбеуі мүмкін. ТМД аумағындағы ең ірі үш ел – Қазақстан, Украина және Ресей екені белгілі. Демек, аймақтағы ахуалға қатысты Қазақстанның дауысы анық естілгені орынды. Сондықтан Қазақстан президентінің соғысты тоқтату жөнінде ұсыныс айтқаны дұрыс болды, әлемдік сарапшылар осыны талқылап жатыр. Қазақстан қазір дипломатиялық салада күшейіп, Ресейге осындай ұсыныс жасай алатын деңгейге жеткенін дәлелдеді.
Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ: Қазақстан орта держава ретінде ұсыныс айтуға құқылы
– Ресей президентіне мұндай ашық мәлімдеме шет мемлекет басшылары тарапынан алғаш рет жария түрде айтылды. Бұған дейін араағайындық жасауға ниет білдірген елдер жанамалап, астарлап жеткізетін. Ал бұл жолы ашық мәлімдеме жасалды. Мұның бірнеше себебі бар. Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатында Ресеймен ғана емес, ұжымдық Батыспен де, АҚШ-пен де мемлекетаралық байланысты жиілете түсті. Соның нәтижесі АҚШ тарапынан, ұжымдық Батыс тарапынан ашық сигналдар болды, сол сигналдар Ресей президентіне жетті.
Әлеуметтік желіде «Ресейдің мақұлдауымен айтылды» деген болжам талқыланып жатыр. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Өйткені Тоқаевтың мәлімдемесі бірнеше аспекті бойынша Ресейге ұнай қоймайды.
Біріншіден, Қазақстан президенті қазіргі қақтығысты «мемлекетаралық соғыс» деп атады. Ал Ресей соғысты алғаш ашқан күннен бастап оны «Украинаның азаматтық соғысы» деп санайды. «Украина Донбастағы орыстілділерге қарсы қысым жасады, олар бас көтерді, біз оларға көмекке келдік» деген сылтау айтып келеді. Кейін Ресей билігі мұны «арнайы әскери операция» деп атады. Одан соң «біз Украинамен жекпе-жек соғысып жатқан жоқпыз, тұтас Батыспен соғысып жатырмыз» дегенді алға тартып жүр. Демек, Тоқаевтың «мемлекетаралық соғыс», яғни Украина мен Ресейдің жекпе-жегі деген сөзі Мәскеуге ұнай қоймайтыны анық.
Екіншіден, соғысты тоқтату қажеттігі туралы айтылды. Соғысты тоқтатуға қазір ұжымдық Батыс та, АҚШ та, Украина да мүдделі. Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін Украина тарапы сыртқы істер министрі деңгейінде ұсынысты қолдайтынын білдірді. Соғысты тоқтатуға қарсы жалғыз тарап – Ресей. Сондықтан соғысты тоқтату туралы ұсыныс та Кремльге ұнамайды.
Үшіншіден, Қазақстан президенті «соғыстың түпкі мәні түсініксіз» екенін айтты. Бұл да Мәскеудің көңіліне жақпайтын әңгіме деп есептеймін. Өйткені Ресей бұл соғыстың не үшін басталғанын, қазір не үшін жалғасып жатқанын ақтап ала алмайды. Соғыс бастаған кезде Кремль «Украинаның НАТО-ға қосылуына жол бермейміз, НАТО-ны шекарамыздың түбінен алыстатамыз, Украинаны қарусыздандырып, демилитаризация жасаймыз» деген болатын. Ал шын мәнінде соғыс басталғаннан бері НАТО Ресейдің дәл шекарасына келіп, орнығып алды. Финляндия мен Швеция НАТО-ға қосылды. Оның үстіне қазір Украина әскері Еуропадағы ең мықты, ең тәжірибелі армияның біріне айналды. Еуропалық коалиция тарапынан Украинаға қарудың сан түрі жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ Киев дрон өндірісін жолға қойып, әлемде алғашқылардың бірі болып дрон армиясын жасақтады. «Патриот» кешендеріне арналған зымыран өндіру лицензиясын алды. Осы аспектілер бойынша қарағанда Ресейдің әуелде айтқан екі мақсаты – НАТО-ны алыстату және демилитаризация жүзеге асқан жоқ. Сол себептен Қазақстан президентінің «бұл соғыстың не мәні, не мазмұны қалды» деген сұрағы Мәскеуге ұнай қоймайды. Демек, Қазақстан президентінің Ресей басшысына айтқан ашық ұсынысын батыл мәлімдеме деп бағалауға болады. Мұны Астананың көпвекторлы әрі соғысты бейбіт дипломатия арқылы шешу жөніндегі ұстанымына сай келетін мәлімдеме деп санаймын.
Қазақстанның Ресейге мұндай ұсыныс жасауға екі себебі бар. Біріншіден, Қазақстан – Орталық Азия дейтін географиялық аймақтың негізгі ойыншысы, өзін жаһандық мінберлерде, БҰҰ-да орта держава ретінде дәріптеп келе жатқан мемлекет әрі орта держава статусына жеткен мемлекет. Демек, оның мұндай араағайындық сөздерді айтуы қалыпты жағдай деп есептейміз. Бұл орта держава деген статустың шеңберінде айтылған мәлімдеме болуы керек. Қазақстанның географиялық орны, логистикалық потенциалы, Батыс пен Шығыстың ортасындағы негізгі теміржол желісіне ие болуы, Транскаспий бағыты – бәрі орта держава статусына ұмтылуға мүмкіндік береді. Ал орта держава статусындағы мемлекет осындай әлемдік процестерде араағайындық сөзді айтуға әбден құқылы.
Екіншіден, бұл соғыс тікелей болмаса да, жанама экономикалық түрде Қазақстанға әсер етеді. Кейінгі кезде Украина Каспий құбыр консорциумы бағытында Қара теңізде шабуылдарды үдетті, Қазақстанның қос танкеріне шабуыл жасалды. АҚШ бұл мәселеге араласып, Украина тарапына ескерту айтылды. Ал Киев «біз соққы жасаған жоқпыз» деп ақталды. Бірақ Қазақстан мұнайының 80 пайызы ағып жатқан ҚКҚ-ның келешек тағдыры әлі бұлыңғыр. Өйткені соғыс жалғасып жатыр, ал Украина Қара теңіз аспанында әскери операцияны күшейтпесе, бәсеңдетпейтіні белгілі. Бұл қазақ мұнайына белгілі деңгейде қауіп төніп тұрғанын аңғартады.
Соғыстың тоқтауына немесе уақытша тоқтауына Қазақстан да мүдделі. Біздің экономикалық мүддеміз жанама түрде бұл соғыстың «кермек дәмін» тата бастады. Сондай-ақ Батыстың санкциялары бар. АҚШ тарапы Ресейге қарсы сенатор Линдси Грэм бастамашы болған «тозақ санкцияларын» енгізуі мүмкін. Ол қабылданатын болса, Ресейдің мұнай мен газын сатып алатын, Мәскеумен алыс-берісі бар елдерге баж салығын енгізеді. Бұл Ресеймен ортақ нарығы бар Қазақстан үшін потенциалды қауіп саналады. Сондықтан дәл қазір Қазақстан тарапы бұл соғыстың тоқтауына, үзіліс болуына мүдделі. Яғни экономикалық тұрғыда Астана соғыстың тоқтауына мүдделі, ал саяси тұрғыда орта держава статусында осындай сөздерді айтуға құқылы.
Қуаныш Қаппас