«Тонау». Флористі ұрған экс-полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Өткен аптада Шымкенттегі Romantic гүл дүкенінде болған оқиға үлкен қоғамдық резонанс туғызды.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан ер адамның флористт қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткенін көруге болады. Кейін оның Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені белгілі болды.
13 тамызда ІІМ экс-полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Гүл дүкеніндегі жағдай: ІІМ ӨҚД полиция департаменті қызметкерлеріне қатысты тергеу бастады.
Өзіндік қауіпсіздік департаменті бұрынғы учаскелік инспектор Мұхтар Бековтің «ROMANTIC» гүл салоны мен «Eldorado» ресто-барының жұмысшыларына қатысты жасаған заңсыз әрекеттеріне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында таралған мәліметтерді тексерді.
Бековке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігі «Тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Шымкент қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігі «Салғырттық» бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өзіндік қауіпсіздік бөлімшесі тексеретін болады.
Ведомство екі қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан тергеудің объективтілігі мен жан-жақтылығын қамтамасыз етеді», — деп хабарлады polisia.kz.
Айта кетейік, әуелде Шымкенттегі гүл дүкенінде флористі итеріп, гүлді алып кеткен ер адам “прокурордың ұлы” деген ақпарат тараған. Алайда Шымкент прокурорлары ол адамның прокуратураға қатысы жоқ екенін, ешқандай прокурорға туыс емес екені” жөнінде ақпарат таратты. Кейін оның экс-полицей екені анықталып, биыл 19 мамырда отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылғаны белгілі болды.