Без Категории

Тоқаев: 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаржы - 6 есеге, ғылым - 7 есеге көбейеді

27 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым-білім саласын түбегейлі реформалау қажеттігін айтты.

Jasalash.kz

"Қазақстанның білім беру жүйесінің негізгі мәселесі — жеткілікті дәрежеде қаржыландырмау, реформада бірізділіктің жоқтығы және реформалардың шикілігі...Қазақстанда орташа есеппен бір оқушыға жылына 1000 доллардан бөлінеді, ал PISA рейтингісі бойынша алғашқы ондыққа кірген елдерде бір оқушыға 10-14 мың доллар аралығында қаржы бөлінеді" деді Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат — 6 есе, ғылымға бөлінетін қаражат 7 есе өседі.

Президент сонымен бірге алдағы уақытта педагогика мамандықтарына талапты жоғарылату қажеттігін айтты.

— Мамандықтың беделін арттыру үшін болашақ педагогтарға стипендияны 26 мың мен 46 мың теңге аралығында өсіру қажет. Бұған қоса, педагогикалық мамандықтар бойынша кадрлар дайындар ЖОО-ы және колледждерді мамандандыру керек. Жалпы педагогтарды арнайы жоғары оқу орындары оқытып, дайындауы тиіс. Білім және ғылым министрлігі бұл бағыт бойынша қажетті шешім қабылдайды деп ойлаймын, — деді президент.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында бұған қоса, қашықтан оқыту жүйесін жетілдіру, жоғары оқу орындарының бәсекелестігін арттыру, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығы сияқты көптеген мәселелер айтылды.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега