Оқиғалар

Тоқаев Астанада халықаралық технологиялық форумға қатысты: қандай жобалар таныстырылды?

Астанада 1 қазанда AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы басталды.

Фото асанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның ашылуына қатысып, жасанды интеллект, робототехника және цифрлық технологиялар саласындағы жаңа жобалармен танысты. Іс-шара Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды.

Биылғы форум "Қазақстан – Еуразияның жасанды интеллект орталығы" тақырыбына арналды. Оған халықаралық технологиялық компаниялардың өкілдері, инвесторлар, сарапшылар мен отандық IT-мамандар қатысты.

Форумның алғашқы күні Президентке қазақстандық компаниялар мен ұйымдардың жасанды интеллект саласындағы әзірлемелері көрсетілді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Qazaq AI Research University базасында жүзеге асырылған AI-Enabled University моделімен танысты. Бұл – білім беру мен ғылыми зерттеулерге жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған жоба.

Сонымен қатар Президентке Trusted Kazakhstan цифрлық сервисі, ауылдық шағын жинақты мектептердегі оқу үдерісінде жасанды интеллектіні қолдануға арналған ALFA жобасы және ұлттық Aitu мессенджерінің жаңа мүмкіндіктері таныстырылды.

Көрмеде "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының технологиялық шешімдері де ұсынылды. Олардың қатарында кен орындарының цифрлық телнұсқасын жасау және жабдықтардың жағдайын бақылауға арналған Smart Диагностика жобасы бар.

Бұдан бөлек, генеративті жасанды интеллект арқылы бейнеконтент әзірлейтін Higgsfield.ai технологиясы мен Орталық Азиядағы ірі деректерді өңдеу инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейтін Data Center Valley жобасы көрсетілді.

Тоқаев жасанды интеллектіні қауіпсіз дамыту мәселесіне тоқталды

Форумның негізгі оқиғаларының бірі Президенттің қатысуымен өткен пленарлық отырыс болды. Онда жасанды интеллектінің экономикаға, мемлекеттік басқаруға және қоғам өміріне ықпалы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологиялар өнеркәсіп, қаржы, білім беру, ғылым және мемлекеттік басқару салаларын түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, AI & Digital Bridge форумы жыл сайын жаңа бағыттарды қамтып, халықаралық технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беріп келеді.

Биылғы жиында есептеу инфрақұрылымы, үлкен тілдік модельдер, робототехника, цифрлық қауіпсіздік және жасанды интеллектіні құқықтық реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы технологиялық дамудың негізгі шарттарын да атады.

"Технологиялық серпіліс жасау үшін үш маңызды шарт қажет: түсінікті әрі тұрақты ережелер, кәсіпкерлер қауымдастығының сенімі және мемлекет, бизнес пен ғылымның тығыз ынтымақтастығы", – деді Президент.

Ол халықаралық тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу, инвестиция тарту және білікті мамандар даярлау мәселелерінің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан жасанды интеллект технологияларын бейбіт, қауіпсіз және жауапты түрде дамыту бағытын ұстанатынын жеткізді.

Астанада жасанды интеллект зерттеу университеті ашылды

Форумның алғашқы күніндегі маңызды оқиғалардың бірі – Qazaq Artificial Intelligence Research University (QAIRU) зерттеу университетінің салтанатты ашылуы.

Жаңа оқу орны жасанды интеллект технологияларын білім беру мен ғылыми зерттеулерге кеңінен енгізуге бағытталған. Университетте мамандар даярлау, технологиялық жобалар әзірлеу және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу жұмыстарына басымдық беріледі.

Ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты.

Министрдің айтуынша, университет жасанды интеллект саласындағы таланттарды тартатын және жаңа білім беру технологияларын дамытатын орталыққа айналуы тиіс.

Ол оқу үдерісін әр студенттің қажеттілігіне бейімдеу, ғылыми зерттеулерді өндіріспен байланыстыру және жаңа технологияларды коммерциялық қолданысқа енгізу міндеттеріне тоқталды.

Форумға әлемдік технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты

AI & Digital Bridge 2026 аясында халықаралық технологиялық индустрияның белгілі өкілдері де сөз сөйледі.

Олардың қатарында NVIDIA компаниясының Physical AI симуляциясы жөніндегі вице-президенті Рев Лебаредян, General Atlantic компаниясының төрағасы әрі бас директоры Билл Форд, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан және E-Space компаниясының бас директоры Грег Уайлер бар.

Халықаралық сарапшылар жасанды интеллектіні өндірісте қолдану, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін талқылады.

Форумның бағдарламасы 2–3 қазанда жалғасып, жасанды интеллект, венчурлық инвестициялар, киберқауіпсіздік, цифрлық қаржы, робототехника және креативті индустриялар бағыттарын қамтыды.

Іс-шара барысында халықаралық компаниялар мен қазақстандық ұйымдардың өкілдері технологиялық ынтымақтастықты дамытуға арналған кездесулер өткізді.

Айта кетейік, AI & Digital Bridge 2026 форумын Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық технопаркі және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Астанада өткен халықаралық форум Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы бастамаларын таныстыруға, шетелдік технологиялық компаниялармен байланыс орнатуға және цифрлық экономиканы дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң болды.

Сайт Әкімшілігі