Саясат

Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.

Фото: Ақорда

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы бұл шешімді Конституцияның 88-бабы 5-тармағына сәйкес премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаевпен консультациялар өткізгеннен кейін қабылдаған.

Президент қол қойған жарлыққа сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оған дайындық жүргізу және ұйымдастыру үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Тоқаев премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен кездесіп, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін талқылаған еді. Сол кезде президент түпкілікті шешімді Конституция талаптары мен консультация барысында айтылған пікірлерді ескере отырып қабылдайтынын мәлімдеген.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Халық кеңесінің алғашқы сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетінін хабарлаған болатын.

Президенттің айтуынша, бұл қадам мәслихаттардың кәсіби әрі білікті құрамын қалыптастыруға және жергілікті өкілді органдардың жұмысына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.

Алдағы сайлаудың нақты күнін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.

Сайт Әкімшілігі