Сараптама

Тоқаев Есқалиевке неге ұрысты?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевке шүйлікті.

Jasalash.kz

Шыны керек, дипломат адамның өңір басшысына дүрсе қоя беруі кісі таң қалатын жағдай. Әбден шегіне жеткенде ғана шытынамаса, мейлінше салқынқанды әрі әдепті президент біреуді текке жазғырмайтыны тағы анық. Әкім Есқалиевтің қай кемшілігін еске түсірейік, тіпті мемлекет басшысына кеше таңертең жарияланған мына бір дерек те әсер етуі мүмкін.

        KazFootball.kz.  сайты Оралдың «Ақжайығына» 26 жастағы қорғаушы Игорь Дуцьтің келгенін айтып, ақпарат ұсынды. Дуць – Украина футбол мектебінің түлегі. Батыс Қазақстандағы командаға Игорьді тартқан бас бапкер Владимир Мазяр екені анық. Отандасына нәпақа ұсынған түрі ғой. Дуцьтің не жазығы бар дейсіз бе? Дәл Игорьдің жазығы шамалы. Ағасы шақырған екен, бәлсінбей келді. Жерсініп кетсе, қолына қаржы ұстатады. Тек Қазақстан президенті биыл ел футболын түлету жолында тың тапсырма бергенін ескермесек, қалыпты жағдай. Бұған дейін болып келген, үйреншікті құбылыс қой.

       Өзі бас қатырмаса, өзгенің балтыры сыздамайтынын білген президент Тоқаев ендігі жерде  мемлекеттік бюджеттен легионерлерге ақша төлеу қисынсыз екенін дәлелдеп берді. Шынында да, шеттен келгендер ұшпаққа шығарса, біздің футбол әлдеқашан әлем аяқдобының көгінде қалықтап ұшушы еді ғой. Жер бауырлап жатқаны жанға батады, тегі.

       Көреген президент тап осы футболда текке кеткен қаржының қайтымы болмайтынын түсініп, биыл мейлінше өз жастарымызға доп тепкізгенді қалайтынын ұқтырды. Ұға салғандар да бар. Салғырт қарайтындар да кездесті. Солардың бірі – Есқалиев. Ғалекеңнің жеке басында қандай да бір бөтен ой немесе президент сөзіне деген қарсылық болмауы да мүмкін. Тек ол үміт артқан мамандар әкімнің беделін ойламаса керек. Әйтпесе ат жіберіп, Мазярды алдыра ма? Мазяр Дуцьтарды ерте келе ме? Өз еліміздің өрендерін дайындауға әрі ойнатуға қаржы жұмсалсын деген тапсырма керемет қой. Отыз жыл өгей жүрген балалар жасыл алаңда доп тебуге мүмкіндік алса, одан өткен бақыт бола ма! Ондаған академиялар, жүздеген арнайы спорт мектептерінің аспаннан тілегендері жерде қабыл болып жатса, кім қуанбайды? Қуанған кісілер Жамбыл облысы мен Алматы облысында толып жүр. Ол туралы сәл кейін.

      Батыс Қазақстан облысының жұрты неге шаттанбауы керек? Әлде Есқалиев, шынында да, Тоқаев саясатына қарсы ма? Рас, тағы да қайталап айтайық, Ғали мырзаның осы іске тіке қатысы болмауы да мүмкін. Тіпті облыстағы спортқа жауапты басқарманың басшысы басын иыққа қарай қиқаңдатып, түк түсінбеген кісінің кейпіне ене салуы да ғажап емес. Өйткені олар тапсырма біткенге шекеден қарауға бейімделіп кеткен шығар. Ал мемлекет басшысы тарапынан айтылған және нақты берілген тапсырманың үлкен-кішісі болмайды. Кері кеткен, болашағы бұлыңғыр секілденген  футболға президент тікелей араласуымен қан жүгіретіндей болды. Оған кәміл сенгендер де көп. Тек «Ақжайық» тізгінін ұстаған мамандар сияқты тізеге салып жіберетіндер көңілді қалдырады.

       Батысқа кіжініп отырған түгіміз жоқ. Тіпті биыл премьер-лигада доп тебетінін естігенде шаттанғанымыз да рас. Сапында жүрген талантты ойыншыларға өріс ашыла ма деп. Жаңа бапкер Ерболат Рүстемов секілді белді футболшыны тізімнен сызыпты. Сол қанаттан суырылып шыққан кезде оны тоқтататын қорғаушы табылмаушы еді. Мазяр немесе Тугушев секілді бапкерлер Рүстемовті қаламаса керек. Жарайды, Ерболат Қызылорданың баласы. Президент тапсырмасына мән беретіндер  Жайықтың жағасынан да жарамды жігіттерді ондап тауып алатын шығар деп те ойладық. 

      Қазақстанның батысында  батыл да өжет, талантты да алғыр ұрпақ әкелетін аналар көп, шүкір. Бір Бауыржан Омаровтың өзі неге тұрады? Мың Бауыржан жүргеніне де сенімдіміз. Алайда оларды іздейтін кім бар? Естиміз, қазір «Ақжайық» құрамында Әділет Болатов  есімді талантты ойыншы жүрген көрінеді. Дуць секілділерді жинап алмай, Әділетке сенім артса ше?! Бір ғана Болатов емес, Әділет секілді допты жусатып, жүргізетіндер  Оралда аз дейсіз бе?  Сенім артпаған соң, солар сеңдей соғылысып жүреді де, кейін көңілдері әбден қалып, өзге салаға ауысады. Ержан Ибрагимовты алайық, мысалы. Былтыр өндіріп ойнады. Биыл оған кезек тие ме? Бір «Ақжайықта» осынша таланттың бар екенін айтып отырмыз. Ал Мазяр секілді келімсектер Дуцьтарды жинап алып, соларға мүмкіндік беріп, өріс ашып, керек десеңіз, қазақ футболына сіңіріп кетеді.

       Рас, Дуць та талантты ойыншы шығар. Бірақ отыз жыл соларды тасығаннан, мүмкіндік бергеннен ел футболы не ұтты?! Ұлттық құрамаға ойыншы табылмайды. Бас бапкердің бас шайқайтын жөні бар.  Себебі футболшы қат. Қат болатыны – өз жігіттерімізге алаңнан орын жоқ. Жүздеген Дуцьтар келеді де, ондаған Мазярлардың жоспарын жүзеге асырады. Ал Мазярлар елдегі футбол клубтарының тізгінін ұстаған жігіттердің сеніміне кіріп алған. Президент соны білмейді дейсіз бе? Біледі! Білген соң, өңір басшыларына тапсырма берді. Оған құлақ асқандар да бар.

       Мысалы, Бердібек Сапарбаев. Былтырғы маусымда «Тараз» тәуір ойнады. Бас бапкер Владимир Никитенко жап-жақсы команда жасақтады. Тіпті үш-төрт ойыншысы шеберлігі жағынан топ жарғандар сапында жүргендерден кем түспейтін. Спортты жақсы түсінетін Сапарбаев әлгілердің мықты екенін қапысыз ұқты. Дегенмен президент тапсырмасына шекеден қарай алмады. Ең алдымен Қазақстан спортшыларына өріс ашу керегін жете білді. Өткенде клуб басшыларымен жиын өткізді. «Ең алдымен Қазақстан жастарын, әсіресе өз облысымыздың футболшыларын жинаңдар, тіпті қажет десеңіз, бес легионерге рұқсат етейік. Бесеуі жетеді! Шебер ойыншы Жамбыл облысынан да кездеседі. Соларды іздеңдер, мүмкіндік беріңдер», – деп ашық айтты. Сол сөз Ғали Есқалиев тарапынан да айтылуы тиіс еді. Сонда Дуць сияқтыларға ешкім есік ашпайтын еді. Ескі үйдің түскелі тұрған есігі секілді – қазір «Ақжайық» қақпасы.

       Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та спортты бір кісідей біледі. Өзі волейболшы. Күні бүгінге дейін ақ допты алақанында ойнатады. Баталов мемлекет басшысының қаржыны сырттан келгендерге жұмсауға қарсы екенін ескергендіктен шығар, «Жетісу» сапында жүрген легионерлерге енді аста-төк жалақы ұсынылмайтынын меңзепті. Соны естіген әлгілер алқын-жұлқын үйлеріне қарай безіп, тіпті миллион теңгеге доп тебе қоймайтындарын ескертті. Міне, тізімге назар аударыңыздар:  Егор Зубович, Вадим Побудей, Андрей Залеский, Никита Наумов, Андрей Лебедев, Ненад Адамович, Стефан Живкович, Мартин Тошев, Педро Эуженио, Артурас Жулпа, Доньет Шкодра, Дэвид Мавутор сынды ойыншылар енді Жетісуға аяқ баспайтын секілді. Бірнешеуі жүрсе де, футбол командасын өрге сүйрей алмады. Текке кеткен есіл ақша! Миллиардтарды Есілге ағызып жібергендей әсерде отырмыз. Алматы облысында да небір таланттар жүр ғой. Команда таппай. Тіпті осы өңірде «Жетісу Б» деген команда бар. Бірінші лигада өнер көрсетеді. Құрамында кілең жас жігіттер. Былтыр екінші орын алды. Біз мақтаған «Ақжайықтың» алдын орап кетті. Оған қайғырған Орал спортының басшыларын көрмедік. 

         Есқалиевтің бір футболынан ғана, футболға деген көңілінен ғана ұрыс еститіндей жөні бар. Ел президенті өзге де кежегесі кейін кеткен істерді  ескерген шығар. Үкіметтің кеңейтілген жиынында үлкен жақ кейігені тегін емес, әйтеуір. Заман тарылып, қаржы азайып тұрған кезде Мазярлардың қанжығасын майлау қаншалықты тиімді екенін Батыс Қазақстан облысының әкімі өзі айта жатар. Ал тапсырмасына тиянақты қарамайтындарды Тоқаевтың  жақтыра қоятыны күмәнді.

       Шынында да, осы елге бір жақсылық жасалғаны жөн іс әрі тиімді емес пе? Ел футболының сырттан ойыншы тасып оңалмайтынын отыз жыл дәлелдеп берді. Әсіресе жас ойыншыларға кезек тимегені былтыр анық байқалды. Кілең әуесқойлардан тұратын Фарер аралдары жастарынан өз алаңымызда тас-талқан ұтылғанымыз сүйекке түскен таңба секілді. Егер Әділет Болатовтар жасыл алаңда жасындай жарқыраса, сол кезде жастар құрамасының тізгінін ұстаған Алмас Құлшынбаев байқар еді ғой. Назар аударса шақыруы да бек мүмкін ғой. Әр команданың Әділеті өз шеберліктерін тур сайын паш етіп жүрсе, онның онынан емес, жүздің онынан таңдап салар еді сайысқа. Соған командалар қарсы жұмыс істейтін секілді. Өзге елдің жігіттерін жұмсауға дайын тұрады. Олар не өндіріп ойнамайды, не жергілікті футболшыларға орын бермейді. Ұрыс естіген Есқалиев сыннан қорытынды шығарар деген үміт әлі үзілген жоқ. «Ақжайық» мемлекет қаржысын оң іске жұмсайды деп ойлаймыз.

Амангелді Сейітхан
Тегтер: Без Тега