Саясат

Тоқаев ІІМ басшысы Ержан Сәденовке сөгіс жариялады

Тоқаев ІІМ басшысы Ержан Сәденовке сөгіс жариялады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке құқық қорғау органдарының жұмысындағы олқылықтар үшін тәртіптік жаза қолданды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ермек Сағымбаевтың ҰҚК төрағасы қызметінен босатылуына қатысты пікір білдіргенде мәлімдеді.

Тоқаев ІІМ-ге қандай тапсырма берді?

Сол күні мемлекет басшысы ІІМ басшылығы және жеке құрамымен жұмыс кеңесін өткізген. Жиында полиция қызметкерлерінің қызметтік тәртібін нығайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезіндегі кәсіби даярлығын арттыру мәселесі көтерілген. Президент "Заң және тәртіп" қағидатына сай жұмыс істеуді тапсырған.

"Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды", – деді Айбек Смадияров.



Айбек Смадияровтың айтуынша, Ермек Сағымбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҰҚК төрағасы қызметінен босатылған. Сонымен қатар президент арнаулы қызметті реформалау үшін басшылық құрамды ротациялау қажеттігін ескерген.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді", – деді президенттің баспасөз хатшысы.



"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ-дағы жемқорлық ісі туралы не белгілі?

Смадияровтың сөзінше, тергеу амалдары кезінде іске қатысы бар адамдардың әрекеті "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" басшыларына қатысты істің жемқорлық сипатын растаған. Оның айтуынша, Тоқаев тергеу басталған сәттен бастап істің мән-жайынан хабардар болған. Президенттің жемқорлықпен күреске қатысты ұстанымы өзгермейді.

Сайт Әкімшілігі