Оқиғалар

Тоқаев Назарбаевтың рөлі, әлеуметтік төлемдер және жаңа Конституция туралы айтты

Тоқаев 23 қазанда Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, елдегі саяси реформалар, экономикалық көрсеткіштер мен әлеуметтік саясат туралы айтты.

Фото: Ақорда

 Сондай-ақ Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөліне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін атап өтіп, Назарбаевтың ел дамуына қосқан үлесіне баға берді.

"Егемен Қазақстанның қалыптасуына, аса күрделі экономикалық жағдайда дамуына және еліміздің көптеген тарихи жетістіктерге жетуіне зор үлес қосқан Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Өйткені мұндай баға әділдік талаптарына сай келеді", – деді Тоқаев.

Президент жаңа Конституцияның қабылдануын маңызды саяси өзгеріс деп атады. Оның айтуынша, елде бір палаталы Құрылтай құрылып, вице-президент лауазымы енгізілді. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады.

Экономика және әлеуметтік төлемдер

Тоқаевтың мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы шамамен 30 пайызға өскен. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асып, ел экономикасының көлемі 350 миллиард долларға жақындаған.

Президент соңғы жеті жылда әлеуметтік салаға 88 триллион теңге бөлінгенін айтты. Дегенмен қолданыстағы кейбір әлеуметтік төлемдердің тиімділігіне күмән келтірді.

"Қазақстанда көптеген әлеуметтік жеңілдіктер бар. Алайда жекелеген төлем түрлері қаражатты орынсыз жұмсауға көбірек ұқсайды. Сондықтан Үкімет қазір бұл саланы жан-жақты талдап жатыр", – деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, 2019 жылдан бері елде 1259 медициналық мекеме, 1342 мектеп және 1483 балабақша салынған.

Жаңа Жолдау жарияланады

Тоқаев Қазақстанның цифрлық дамуына да тоқталды. Оның сөзінше, елдің IT қызметтер экспорты бір миллиард доллардан асқан. Екі суперкомпьютер іске қосылып, үшіншісін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Президент елде шешімін күткен мәселелер әлі де бар екенін мойындады.

"Біз бар кемшіліктер мен олқылықтарды мойындаймыз. Үкімет, депутаттар және мемлекеттік қызметшілер оларды жою үшін бар күш-жігерін жұмсауы тиіс", – деді ол.

Мемлекет басшысы ел дамуының алдағы басым бағыттары мен нақты жоспарларын келесі аптада Қазақстан халқына арнайтын Жолдауында жариялайтынын айтты.

Салтанатты жиында президент бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында композитор Алтынбек Қоразбаев, альпинист Қазбек Уәлиев және түрлі сала өкілдері бар.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Тоқаев