Аймақ

Төрт жылда сегіз мың отбасы баспаналы болды

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауында заманауи көпқабатты тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, бір топ отбасы жаңа пәтер кілтін алды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, аймақ жұртшылығын қос қуанышпен құттықтады.

Фото: из открытых источников

Жаңа тұрғын үй кешенінің ашылуын елдегі әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі болып отырған халықты баспанамен қамтамасыз ету ісінің жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Кейінгі жылдары Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқын алып, мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы азаматтардың баспанаға қолжетімділігі артып келеді.

Сыр өңіріндегі жаңа «Тұран» тұрғын үй кешені – заманауи талаптарға сай салынған, комфорт плюс санатындағы баспана. Жалпы 380 пәтерден тұратын кешеннің аумағы 24 мың шаршы метрге жетеді. Қазір оның 7 қабатты алғашқы үйі пайдалануға беріліп отыр, ал қалған тұрғын үйлерді биыл қазан айында тапсыру жоспарланған.

Рәсім барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен және қоныстой иелерін жаңа баспаналарымен құттықтап, елдегі тұрақтылық пен бірліктің маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды. Ырыс-ынтымақтың арқасында халқымыздың қуаты арта түседі. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл – әрбір азаматтың мәртебелі міндеті әрі перзенттік парызы», – деген болатын.

Аймақ басшысы жаңа кешеннің маңыздылығына тоқталды.
«Айтулы мереке қарсаңында комфорт плюс санатындағы заманауи, жаңа үлгідегі «Тұран» кешенінің 7 қабатты алғашқы үйін пайдалануға беруге жиналдық. Тұрғын үйді президентіміздің қолдауымен қаламызда жаңа жылу-электр орталығын салған түрік инвесторы «Акса энерджи Қызылорда» компаниясының қызметкерлеріне салтанатты түрде табыстап отырмыз.

Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, ішіндегі әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай! Алдағы уақытта да компания ұжымы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған серпінді жобаларды жүзеге асыра береді деп сенеміз. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Қоныстарыңыз құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қазақстанда халықты тұрғын үймен қамту әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Кейінгі жылдары бұл салада ауқымды реформалар жүргізіліп, жаңа бағдарламалар іске қосылды. Мәселен, «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» секілді бағдарламалар арқылы мыңдаған отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ жалдамалы тұрғын үй мен кезекте тұрған азаматтарға пәтер беру ісі де қарқын алды.

Қазақстан бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қолжетімді тұрғын үйдің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағытта өңірлерде жаңа шағын аудандар бой көтеріп, инфрақұрылыммен қамтылған тұрғын үйлер салынып жатыр.

Қызылорда облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Кейінгі төрт жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер табысталған. 2023 жылдан бері барлық ауданда шамамен 1 800 жаңа пәтер пайдалануға берілді.

Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2 400 пәтер беру үшін бюджеттен 55 млрд 600 млн теңге бөлінген. Бұл аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Сондай-ақ кейінгі жылдары қала орталығында заманауи сәулет үлгісіндегі 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер қарқынды түрде салынып жатыр. Бұл тұрғын үй қорын арттырумен қатар, қаланың келбетін жаңғыртуға да мүмкіндік беруде.

Салтанатты рәсім барысында құрылыс саласының мамандары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Нажмадин Түркпенұлы жаңа қоныс иелерін құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Қызылордадағы жаңа тұрғын үй кешенінің пайдалануға берілгенін елдегі әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесінің бірі деп бағалауға негіз бар. Бұл бастама баспана мәселесін шешіп қана қоймай, халықтың өмір сапасын арттыруға, өңірлердің дамуына серпін береді. Сондықтан тұрғын үй салу жұмысын бәсеңдетпей, әрбір азаматтың баспаналы болуына бағытталған саясатты жалғастыра беру қажет.

Қуан Өмірхан

Қызылорда облысы

Сайт Әкімшілігі