Қоғам

Тойда әншілерді шайтанның азаншысына теңеген ер адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Түркістан облысы Жетісайдағы той кезінде айтқан сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен 66 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Фото: видео-скрин

Полиция мәліметінше, К. Қанаевтың тойда сөйлеген сөзі түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның наразылығын тудырған. Кадрларда ер адамның әйелдер мен музыканттарды қорлағаны байқалады.

Тергеу 2026 жылғы 26 тамызда аяқталып, іс сотқа жолданған. Құқық қорғау органдары істің бастапқы кезеңінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша тергелгенін атап өтті. Осы уақыт ішінде бап өзгертілмеген.

Күдіктіге екі айға қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылған. Полиция бұл мерзімнің ұзартылмағанын хабарлады. Сонымен қатар іс бойынша дінтану, саясаттану, психологиялық және филологиялық бағыттарды қамтитын кешенді сараптама жүргізіліп, оның қорытындысы тергеуге алынған.

Егер сотта ер адамның кінәсі дәлелденсе, оған екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ заңда осы мерзімге бас бостандығын шектеу немесе 2 мыңнан 7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу түріндегі балама жаза қарастырылған.

Сайт Әкімшілігі