Toyota көлігі Оралда тротуарға шығып кетіп, баланы қағып кетті
Орал қаласында Toyota Land Cruiser Prado жүргізушісі тротуарда тұрған 11 жастағы баланы қағып кеткен.
«Уральская неделя» басылымының хабарлауынша, оқиға 18 мамыр күні сағат 11:05 шамасында Құрманғазы көшесі мен Абай даңғылының қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлік жүргізушісі басқаруға ие бола алмай, Евразия даңғылы бойындағы тротуарға шығып кеткен. Сол сәтте тротуарда 2014 жылы туған кәмелетке толмаған жаяу жүргінші болған.
Жол апатынан кейін бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Оның қазіргі жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер көліктің не себепті тротуарға шығып кеткенін қоса алғанда, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейңк, бұған дейін Астана қаласында Renault көлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне жүгіріп шыққан 13 жастағы жасөспірімді қағып кеткен.
Полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірім реттелетін жаяу жүргінші өткелінен тыйым салынған белгіге қарамастан жүгіріп өткен.
Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған бала түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оқиға бойынша тексеру басталған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен баланың №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілгенін хабарлады. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
— Қазіргі уақытта пациентке қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, — деп мәлімдеді ведомство.
Әлеуметтік желілерде осы оқиғадан кейін жасөспірімдердің көліктің алдына әдейі жүгіріп шығатын қауіпті «ойынға» қатысуы мүмкін деген болжамдар тарай бастады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мұндай ақпаратты бұған дейін алмағанын, алайда мәселе міндетті түрде тексерілетінін айтты.