Саясат

Трамп АҚШ президенттігіне қайта сайлану науқанын жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні 2020 жылғы президент сайлауы науқаны басталғанын ресми түрде жариялады.

Jasalash.kz

Ол Флорида штатының Орландо қаласындағы мыңдаған жақтастары қатысқан митингіде сөз сөйледі.

Трамп сөзін либералды БАҚ-тарды сынаудан бастап, «жалған жаңалықтар» тарататын журналистер «бос үш немесе төрт орынды көріп», бос стадион туралы жазудан тайсалмайды деп мәлімдеді.

Құрама Штаттар президенті қызметіне қайта сайлану науқанының басталғанын жариялаған Трамп ел басқарған екі жарым жылда оның командасы бұған дейінгі президенттер кездеспеген жағдайда талай іс тындырды деді. «Біз сол істі жалғастыра береміз. Мен сендерді ешқашан жерге қаратпаймын деп уәде беремін», — деді Трамп.

Трамп жақтастарын демократ кандидаттардың жеңіске жетуіне жол бермеуге шақырды. Трамптың пікірінше, оның «радикал қарсыластары — демократтардың бойларын жеккөрушілік, соқыр сенім және ашу-ыза билеген». Олар елді құрдымға жібереді деді президент. Ол арнайы прокурор Роберт Мюллер жүргізген тергеуді тілге тиек етіп, «Ресейге қатысты қатаң саясатты Дональд Трамптан артық ешкім ұстанбады» деді. Ол Америка халқын 2020 жылы 3 қарашада сайлауға келіп, «жемқорлық жайлаған бұл жүйені құрту үшін дауыс беруге» шақырды.

CNN телеарнасының тапсырысымен SSRS жүргізген жаңа сауалнама бойынша, америкалықтардың 54 пайызы президент Трамп 2020 жылы сайлауда жеңіске жетеді деп есептейді. Трамптың халық арасындағы беделіне негізінен экономиканың жағдайы (26%) әсер еткен. Президентті қолдамайтындар өтірік (сауалнамаға қатысқандардың 13 пайызы осыны айтқан) пен расизмді (11%) атап өткен.

Трамптан бөлек, АҚШ президенттігіне Республикалық партия атынан Массачусетс штатының 73 жастағы бұрынғы губернаторы Уильям Уэлдтың мүмкіндігі жоғары. Демократиялық партиядан жиырмадан астам саясаткер президент сайлауына қатысқысы келетінін жариялады. Олардың арасында Вермонт штатының сенаторы Берни Сандерс, бұрынғы вице-президент Джо Байден және Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио бар.

Дереккөз: www.centralasian.org

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега