Трамп АҚШ-тың Иранға қарсы шабуылдарын Конгресс сайлауына дейін тоқтататынын мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп аралық Конгресс сайлауы өтетін 3 қарашаға дейін Иранға шабуыл жасалмайтынын мәлімдеді.
Алайда ол әскери әрекеттер толық тоқтай ма, әлде сайлаудан кейін қайта жалғаса ма деген сұраққа нақты жауап берген жоқ.
Қазіргі уақытта Вашингтон мен Тегеран соғысты тоқтату және әлемдік мұнай тасымалы үшін маңызды Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру шарттарын талқылап жатыр. Дегенмен тараптар әзірге ортақ келісімге келе алмады.
Келіссөздердегі басты келіспеушілік – Иранның ядролық бағдарламасы. АҚШ Тегераннан уран байытуды шектеуді талап етіп отыр. Ал Иран бұл бағдарламадан бас тартуға және жинақталған уран қорын басқа елдерге беруге келіспейді.
Соғыстың салдары Трамптың қоғамдық қолдауына да әсер етіп отыр. Reuters/Ipsos сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың 60 пайызы президенттің Иранға қатысты саясатын құптамайды. Тіпті Республикалық партия жақтастарының арасында да әр төртінші адам оның ұстанымына қарсы.