Саясат

Трамп Иранның Ормуз бұғазын ашу туралы жеті күндік жоспарын қабылдамады

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жеті күн ішінде атысты тоқтатып, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қайта жандандыру туралы ұсынысын қабылдамайтынын мәлімдеді.

Фото: скриншот

Иран бұл ұсынысты АҚШ-қа делдалдар арқылы жеткізген. Жоспарға сәйкес, тараптар келісімге келген жағдайда Ормуз бұғазы бір апта ішінде ашылып, кейін ядролық бағдарлама мәселесі бойынша келіссөздерді қайта бастау көзделген.

Трамп Ақ үйдегі журналистерге берген жауабында Иранның ұсынысын қолдамайтынын айтты. Оның пікірінше, Тегеран бұғазды тез арада ашу туралы келісім жасағысы келеді.

Алайда Иран әзірге АҚШ-тың ресми жауабын алған жоқ. Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран америкалық президенттің алғашқы реакциясын естігенімен, Вашингтонның түпкілікті ұстанымы делдалдар арқылы әлі жеткізілмегенін мәлімдеді.

«Біз делдалдардан соңғы ұстанымды күтіп отырмыз. Осыдан кейін шешім қабылдаймыз», – деді Аракчи.

Иран тарапы Ормуз бұғазын ашу мәселесі АҚШ-тың Тегеран қойған талаптарды орындауына байланысты екенін мәлімдеді. Иранның ұсынысында АҚШ-тың Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын тоқтатуы, мұнай экспортына байланысты шектеулерді жеңілдетуі және атысты тоқтату талаптары болғаны хабарланды.

Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы үшін маңызды теңіз жолдарының бірі. Сондықтан оның ашылуы немесе жабық қалуы халықаралық энергетикалық нарыққа тікелей әсер етуі мүмкін.

Сайт Әкімшілігі