Трамп Иркутск маңындағы оба туралы ақпараттан кейін Ресейге көмек ұсынды
АҚШ президенті Дональд Трамп Иркутск облысында оба індеті таралуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты пікір білдірді.
Ақ үй Ресейдегі жағдайды бақылап отырғанын, алайда бұл мәселе бойынша Мәскеумен тікелей байланыс болмағанын мәлімдеді.
Дүйсенбі, 5 қазанда журналистердің сұрағына жауап берген Трамп Ресейдің осындай аурумен бетпе-бет келуі мүмкін екеніне өкініш білдіріп, қажет болған жағдайда АҚШ көмек көрсетуге дайын екенін айтты.
«Біз болып жатқан жағдайды өте мұқият бақылап отырмыз. Бұл туралы жаңа ғана естідік. Олар [Ресей билігі] мұны пневмония деп атап отыр. Бұрын пневмонияны емдеу оңайырақ еді, бірақ микробтар мен бактериялар шамадан тыс күшейіп кетті. Дегенмен біз оларға [Ресейге] көмектесеміз», – деді Трамп.
АҚШ президенті бұл мәселе бойынша Ресей өкілдерімен сөйлеспегенін де атап өтті. Оның сөзінше, Вашингтон «осындай проблемаға тап болған кез келген тарапқа» көмек көрсетуге дайын.
Ресей билігі оқиға туралы толық ақпарат бермеді
Иркутск облысында өкпе обасы таралуы мүмкін деген ақпарат жергілікті тұрғын Дарья Шипилованың кенеттен қайтыс болуынан кейін пайда болды. Ол Иркутск обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген.
28 жастағы Шипилова қыркүйектің соңында ауруханаға түсіп, 2 қазанда қайтыс болды. Роспотребнадзор оның өліміне «этиологиясы анықталмаған пневмония» себеп болғанын хабарлады.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, осыдан кейін Иркутск облысында шамамен 200 адам карантинге алынған. Алайда өңірде пневмонияның қайталама жағдайлары ресми түрде расталғаны туралы ақпарат болған жоқ.
Шипилова қайтыс болған аурухана орналасқан Шелехов қаласының әкімдігі 3 қазанда әлеуметтік желіде тұрғындарды қалаға барудан уақытша бас тартуға шақырған. Кейін бұл хабарлама өшірілген.
Биліктің оқиға туралы толық ақпарат бермеуі қоғамда алаңдаушылық туғызып, түрлі қауесеттің таралуына себеп болды. Соның бірі – институт зертханасында оба қоздырғышы сақталған прибор сынған деген нұсқа. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
5 қазанда журналистер Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтан Мәскеудің Иркутск облысындағы жағдайды бақылап отырған-отырмағанын сұрады. Песков бұл мәселеге Роспотребнадзор жауапты екенін айтып, ведомствоның ресми мәлімдемелеріне сүйенуге шақырды. Ол оқиғаның егжей-тегжейін талқыламады.
Қазақстан мен көрші елдер шекарадағы бақылауды күшейтті
Ресейдің Сібір аймақтарымен шектесетін кемінде үш мемлекет сақтық шараларын күшейткенін хабарлады.
Қазақстан мен Қырғызстан шекарадағы санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтті. Өзбекстан инфекцияның ел аумағына енуіне жол бермеуге жауапты қызметтер жоғары дайындық режиміне көшірілгенін мәлімдеді.
Әзербайжан Денсаулық сақтау министрлігі де Ресейден тараған ақпараттан хабардар екенін, бірақ әзірге кедендік бақылауды күшейтудің қажеттілігі жоқ екенін жеткізді.
Иркутск облысына географиялық тұрғыдан ең жақын ел – Моңғолия. Бұл мемлекет Ресеймен бұған дейін де қауіпті инфекциялардың таралуына жол бермеу бағытында ынтымақтастық орнатқан. Өйткені аталған өңірде бұрын оба қоздырғыштары анықталған.