Трамп НАТО одақтастарын «жақсы» және «жаман» деп бөлді
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі НАТО құрамындағы одақтастарды «жақсы» және «жаман» елдерге бөліп, оларға қатысты ынталандыру немесе жазалау шараларын қарастырып жатыр.
Бұл туралы Politico басылымы еуропалық дипломаттар мен Пентагон өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады.
Ақ үйдегі бұл жоспар Иранға қарсы әскери науқанды қолдамаған елдерге қысым көрсету тәсілдерін іздеумен байланысты екені айтылған.
Басылымның жазуынша, мұндай идеяны алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет ұсынған. Оның айтуынша, «үлгілі одақтастар» – Израиль, Оңтүстік Корея, Польша, Германия және Балтық елдері – Вашингтонның ерекше қолдауына ие болады. Ал ұжымдық қорғаныс міндеттемелерін толық орындамайтын мемлекеттер «салдарын көреді».
Дипломаттардың бірі Politico-ға берген сұхбатында жасалған тізімдер осы тұжырымдамаға сәйкес келетінін атап өткен.
«Жақсы» мен «жаманға» қандай шара қолданылады?
АҚШ-тың «жақсы» және «жаман» деп бөлінген одақтастарына нақты қандай артықшылықтар немесе шектеулер енгізілетіні әзірге белгісіз.
Еуропалық шенеуніктердің бірі бұл мәселеде нақты жоспар жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, «жаман» одақтастарды жазалаудың бір жолы ретінде АҚШ әскерін Еуропа аумағында қайта орналастыру қарастырылуы мүмкін. Алайда бұл шешімнің өзі ең алдымен АҚШ-тың өзіне тиімсіз болуы ықтимал.
Сарапшылар сондай-ақ әскери күштерді көшіру үлкен қаржы мен уақытты талап ететінін айтады. Бұдан бөлек, қысым тетіктері ретінде бірлескен оқу-жаттығулар мен әскери техниканы сату да қолданылуы мүмкін.
Кімдер ұтады?
Politico мәліметінше, мұндай саясаттан ең көп пайда көретін елдер қатарында Польша мен Румыния бар. Польша НАТО елдері ішінде қорғанысқа ең көп қаржы бөлетін мемлекеттердің бірі және өз аумағында орналасқан шамамен 10 мың америкалық әскери қызметкердің шығынын дерлік толық өтейді.
Ал Румыния жақында әскери әуе базасын кеңейтіп, оны АҚШ-тың Иранға қатысты операцияларында пайдалануға рұқсат берген. Сонымен қатар, Болгария да Таяу Шығыстағы америкалық логистиканы жасырын түрде қолдап келгені айтылды.
НАТО-дағы дау тереңдей түсті
Бұған дейін The Telegraph басылымы Дональд Трамп НАТО-ға мүше, қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына жеткізбеген елдерді дауыс беру құқығынан айыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған.
Мұндай бастама еуропалық одақтастардың Ормуз бұғазын ашу үшін әскери қолдау көрсетуден бас тартқанынан кейін көтерілгені айтылған.
8 сәуір күні НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуден кейін Трамп одақтастарын тағы да сынға алды. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында: «Бізге қажет кезде НАТО бізбен бірге болған жоқ, ал келесі жолы да болмайды», – деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, АҚШ президенті тағы да Гренландия мәселесін көтеріп, оны «нашар басқарылатын үлкен мұз кесегі» деп атады.