Саясат

Трамп Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жарияламақ

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды «түпкілікті жеңгеннен» кейін Ормуз бұғазын «Құрама Штаттардың аумағы» деп жариялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

 

Ал Иран Вашингтонның стратегиялық бұғазды бақылауына алды деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

АҚШ президенті Дональд Трамп 15 тамызда Ормуз бұғазын «Құрама Штаттардың аумағы» деп жариялау жоспары бар екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай қадам Иранды «түпкілікті жеңгеннен» кейін жасалуы мүмкін.

Нью-Йорк штатындағы полиция академиясында сөйлеген Трамп стратегиялық су жолы қазір АҚШ әскерінің бақылауында екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалық күштер Иран порттарын блокадаға алған.

Reuters мәліметінше, Иран да бұғаз өз бақылауында екенін айтып отыр. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталған ақпан айынан бері бұл аймақта кеме қатынасы бұзылған.

Трамп Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялаудың қандай құқықтық негізге сүйенетінін және оның іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын түсіндірмеді.

CNN мұндай қадам АҚШ әскерін аймақта белгісіз мерзімге қалдыруды талап етуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл Трамптың бұған дейін Иранмен соғыс қысқа мерзімді болады деген мәлімдемесіне қайшы келуі ықтимал.

Трамп бұған дейін де АҚШ-тың басқа стратегиялық аумақтарды бақылауға алуы туралы бірнеше рет айтқан. Атап айтқанда, ол Вашингтонның Гренландия мен Панама каналын бақылауға алғысы келетінін мәлімдеп, Венесуэланы «АҚШ-тың 51-штаты» деп атаған.

Иран Трамптың мәлімдемесін жоққа шығарды

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Қасым Ғарибабади Тегеран Вашингтонның қысымына көнбейтінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Иран «АҚШ-тың қоқан-лоқысы мен күш көрсетуіне бағынбайды».

Ормуз бұғазына қатысты текетірес АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың негізгі мәселелерінің бірі болып отыр. Қақтығыс басталғаннан жарты жыл өткенде бұғаздағы блокада мен оны кім бақылайтыны жөніндегі Вашингтон мен Тегеран арасындағы дау жалғасуда. Соның аясында әлемдік мұнай қоры да азайып келеді.

Бұған дейін Иран үкіметі Ормуз бұғазын кемелер үшін қайта ашудың бірқатар шартын атаған. Олардың қатарында соғыс салдары үшін өтемақы төлеу және Иранға қарсы санкцияларды алып тастау талаптары бар.

Трамп соңғы уақытта Ормуз бұғазы АҚШ бақылауында екенін бірнеше рет мәлімдеді. Бірнеше күн бұрын ол америкалық әскерилер бұғазды миналардан тазартқанын да айтқан.

АҚШ президентінің пікірінше, Тегеранға экономикалық қысымды күшейту жаңа әскери соққылардан тиімдірек болып, Иран басшылығын келісімге келуге мәжбүр етуі мүмкін.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ормуз бұғазы