Сараптама

Трамп Ормуз бұғазын ашуда НАТО-ның көмегінен бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ның Ормуз бұғазы төңірегіндегі көмек туралы ұсынысынан бас тартты. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

Фото: АР

Трамптың айтуынша, НАТО өкілдері Ормуз бұғазындағы жағдай тұрақтанғаннан кейін хабарласып, көмек қажет пе деп сұраған. Алайда АҚШ президенті альянсқа «өздерінен алысырақ болуды» ұсынған. Сонымен қатар ол НАТО-ны «қағаз жолбарыс» деп атады.

Өз кезегінде Еуропа елдері өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды талқылап жатыр. Эммануэль Макрон мен Кир Стармер Ормуз бұғазында кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз ету үшін көпұлтты миссия құру мүмкіндігін мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл миссия қорғаныс сипатында болып, коммерциялық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мина тазарту жұмыстарына бағытталады.

Сонымен қатар Германия канцлері Фридрих Мерц де мұндай операцияға қатысуға дайын екенін білдірді. Алайда ол үшін аймақтағы қақтығыстың аяқталуы және халықаралық құқықтық негіздің, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандаты қажет екенін атап өтті.

Осы уақытта Трамп пен Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Ливандағы уақытша бітім кезінде Ормуз бұғазының коммерциялық кемелер үшін ашылғанын мәлімдеді. Соған қарамастан, АҚШ президенті Иранмен толық келісім жасалғанға дейін оның порттарына қарсы блокада сақталатынын айтты.

Бұдан кейін Иран бұғазды қайта жабатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Трамп Израиль мен Ливан арасында 10 күндік атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын хабарлаған. Алайда кейін Ливан тарапы Израильді бітімді бұзды деп айыптаса, Израиль «Хезболлаға» қарсы операция жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі