Трамп пен Нетаньяху неге «шәй» десіп қалды?
Таяу Шығыстағы жағдай әлі де шиеленісіп тұр. Вашингтон мен Тегеран қағаз жүзінде келісімге жақындағандай болғанымен, соңғы күндердегі оқиғалар бұл мәміленің әлі де жар шетінде тұрғанын көрсетті.
Себебі екі ел бір-біріне зымыранмен және дронмен шабуылдап жатыр. Қазір АҚШ пен Иран арасындағы соғыс ядролық бағдарлама мен санкция төңірегінде ғана жүріп жатқандай көрінеді. Бірақ кейінгі оқиғалар бұл келісімнің шын мәнінде әлдеқайда күрделі екенін байқатты. Бұл жерде мәселе тек уран байытуда емес, Ормуз, мұнай, Ливан, Израиль мен «Хезболла» төңірегіндегі мәселелер де күн тәртібіне шыққан.
Айқыш-ұйқыш атыс
3 маусымға қараған түні Иран дрондарының шабуылынан кейін Кувейт халықаралық әуежайы айтарлықтай зақымданып, бірнеше адам жарақат алды. Осыған байланысты Кувейт билігі барлық коммерциялық әуе рейстерін уақытша тоқтатты. Кувейт Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі, бригадалық генерал Сауд Абдуләзиз әл-Отайбидің мәлімдеуінше, бірнеше дрон елдің басты әуежайындағы жолаушылар терминалында жарылған. АҚШ Қарулы күштері Иранның Парсы шығанағындағы кемелер мен көршілес араб мемлекеттеріне бағыттап ұшырған дрондары мен баллистикалық зымырандарын қағып түсіргенін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде америкалық авиация Иран аумағына соққы жасады. Америкалық әскери күштердің мәліметінше, «өзін-өзі қорғау» мақсатында жасалған жауап соққысы стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазындағы Кешм аралында орналасқан Иранның әскери басқару пунктіне бағытталған. Олардың мәлімдеуінше, нысан толық жойылған.
АҚШ мәліметіне сәйкес, Иран Кувейт бағытына екі баллистикалық зымыран ұшырған, алайда олар нысанаға жетпей, әуеде жойылған. Бахрейнге қарай ұшырылған үш зымыран да әуе қорғаныс жүйелері арқылы атып түсірілген. Азаматтық сауда кемелеріне шабуыл жасауға әрекеттенген үш әскери дронды жойған.
Ал Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) өз мәлімдемесінде зымырандар мен дрондардың аймақтағы америкалық әскери базалар мен тікұшақтарға сәтті соққы бергенін хабарлады. Тегеран бұл әрекетін АҚШ күштерінің Кешм аралының оңтүстігіндегі байланыс мұнарасын жоюына жауап ретінде жасағанын мәлімдеді.
Жалпы, бұл қақтығыстың күшеюі соңғы үш айдан бері жалғасып келе жатқан кеме блокадасымен байланысты. Иран Ормуз бұғазын АҚШ пен Израильдің одақтастары үшін толық жауып тастады. Бұған жауап ретінде АҚШ 13 сәуірден бастап Иран порттарына бет алған барлық кемелерге қарсы осыған ұқсас блокада енгізген. Қазіргі шабуылдарға дейін CENTCOM америкалық әскери күштердің Hellfire зымыранымен бос тұрған M/T Lexie танкерінің қозғалтқыш бөлігін атқылаған сәтін жариялаған болатын. Танкер Ботсвана туымен жүзіп, Иранның Харк мұнай аралына бағыт алған. Бұл оқиғаға қатысты Иран әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Пентагонның мәліметінше, америкалық блокада енгізілгеннен бері Ормуз бұғазында алты сауда кемесі жойылған. Сонымен қатар 122 азаматтық кеме тоқтатылып, басқа бағыттармен жүруге мәжбүр болған. Аймақта атысты тоқтату жөніндегі келіссөздер соңғы күндері толық тұйыққа тірелген сияқты.
Иранның қазіргі ұстанымы белгілі, бір сөзбен айтқанда, олар тең келісімді қалайды. Тегеран АҚШ-пен арадағы келісім тек уран байытуды шектеу немесе халықаралық бақылаушыларға еркіндік беру ғана емес. Иран бұл келісім арқылы бірнеше нәрсені бекітіп алғысы келеді.
Біріншіден, санкциялық қысымды жеңілдету. Иран экономикасы ұзақ жылдар бойы санкцияның астында қалды. Мұнай кірістеріне толық қол жеткізе алмау, банктік шектеулер, экспорттық қысым, технологиялық оқшаулану – бәрі режимге ішкі әлеуметтік қысым болып қайтты. Сондықтан Тегеранға кез келген келісімнің басты өлшемі – ақша. Иран қағаздағы дипломатиялық жеңісті емес, нақты экономикалық еркіндікті қалайды.
Екіншіден, Ормуздағы ықпал. Иран Ормуз бұғазын толық ашып жіберсе, өзінің ең күшті сауда құралынан айырылып қалатынын түсінеді. Ормуз – Тегеранның қолындағы геосаяси тетік. Бұғаз толық жабылса, әлем экономикасына қауіп төнеді. Мұны қақтығыс жағдайында көрдік. Мұнай бағасы көтеріліп, экономикада теңсіздік байқалды. Егер Ормуз бұғазы Иран рұқсатымен ғана жұмыс істесе, Тегеран келіссөз үстелінде басымдыққа ие болады.
Үшіншіден, Ливан майданы. Иран АҚШ-пен атысты тоқтатуды Ливандағы Израиль әрекетінен бөлек қарағысы келмейді. Тегеран үшін «Хезболла» одақтас қана емес, аймақтық қорғаныс жүйесінің бір бөлігі. Егер Израиль Ливанда «Хезболланы» әлсіретсе, Иран АҚШ-пен жасалатын кез келген келісімді стратегиялық жеңіліс деп қабылдауы мүмкін. Қазір Тегеранның басты шарты – АҚШ арқылы Израильді тоқтату.
Жәнібек КӨПЖАСАР, ирантанушы: АҚШ пен Иран келісімге келсе де, соғыс тоқтамайды
– Қазіргі жағдайға қарап, екі тарап келісімге келді деп айта алмаймыз. Өйткені Иран жағы АҚШ-тың талаптарын, АҚШ Иранның талаптарының ешқайсысын орындаған жоқ. Сондықтан айтылған мәлімдемелер келіссөз деңгейінде ғана қалды, тек уақытша бітімге келген болды. Бірақ бұл шиеленіс осымен тоқтайды, ары қарай келіссөз жалғасады, соғыс аяқталады дегенді білдірмейді. Қазіргі қақтығыстар таңғаларлық жайт емес. Мысалы, 3 наурызға қараған түні АҚШ-тың Иранның Кешм аралын атқылауын алайық. Бұрын, мысалы, АҚШ бір соққы жасаса, Иран қарымта тағы да бір соққы жасайтын еді. Бұл жолы мәжіліс төрағасы Галибаф: «Біз әр соққыға екі есе жауап қайтарамыз», – деп мәлімдеді. Сондықтан кеше түнде Кешмге жасалған соққыдан соң «зымырандар Кувейт пен Бахрейннен ұшып шықты» деген себеппен, Иран Кувейтті, Бахрейнді, БАӘ-ні, Сауд Арабиясын және Иракқа зымырандар жіберді. Бірақ ол зымырандар Ирак пен Кувейт және Бахрейнге ғана түсті. Әмірлік пен Сауд Арабиясы зымырандарды аспанда атып түсірді. Ең көп зардап шеккен ел – Кувейт.
Тағы бір айта кетерлігі, АҚШ шарттарынан бөлек, Иранның шарттары да бар. Олар байытылған уранды сыртқа шығаруға, Пәкістанға немесе Қытайға беруге қарсы емеспіз дейді. Бірақ бірінші қадамды АҚШ жасау керек деген шарт қойды. Иран теңіз блокадасын тоқтатуды, шетелдегі, оның ішінде АҚШ пен Еуропадағы бұғатталған шоттарын ашуды қалайды. Егер АҚШ шоттарды ашса және блокаданы шешсе, онда байытылған уранды сыртқа шығаруға Иран келіседі. Бұл – бірінші талабы.
Екінші талабы бойынша Израиль Ливанды бомбалауын тоқтату керек. Ал Израиль бұған көнбейді. Осыған байланысты Трамп пен Нетаньяху сөзге келіп қалды.
Шабуылдың негізгі мақсаты – Ирандағы режимді жою еді. АҚШ пен Израиль бұл мақсатына жете алмады. Тіпті Иранды қатты ашындырып алғандай. Енді Иран болашақта Израильге қарсы басқа бір жолдармен қарсы әрекеттерге баруы мүмкін. Сондықтан Ақ үй мен Тегеран өздері айтқан барлық шарттарын орындап, Иран байытылған уранды Қытайға немесе Пәкістанға шығарғанның өзінде, бұл қақтығыс тоқтамайды. Қақтығыс жалғаса береді.
«Әлі де мыңға жуық баллистикалық зымыран сақтаулы»
Иран АҚШ пен Израильдің шабуылына қарамастан, екі айға жетпейтін уақыт ішінде өзінің жерасты зымыран базаларының көпшілігін қайта қалпына келтірді. CNN телеарнасы жариялаған жерсерік суреттерін талдау нәтижесінде осындай қорытынды жасалған. Телеарнаның мәліметінше, соғыс кезінде АҚШ пен Израиль кіреберіс жолдарды қиратып, туннель аузын жауып тастау арқылы Иранның жерасты зымыран инфрақұрылымын істен шығаруға тырысқан. Алайда атысты тоқтату режимі орнағаннан кейін Тегеран қалпына келтіру жұмыстарын барынша жеделдеткен сыңайлы. Қазіргі күнде Тегеран шабуылға ұшыраған 18 жерасты нысанындағы 69 туннель кіреберісінің елуін қайта ашып алған. Жерсерік суреттері жұмысқа ауыр технологиялар емес, кәдімгі бульдозерлер, экскаваторлар мен жүк көліктері тартылғанын көрсетеді. Көптеген базаларда жолдар жөнделіп, кейбір учаскелерге тіпті жаңадан асфальт төселген. Сарапшылардың бағалауынша, Иранның жерасты қоймаларында әлі де мыңға жуық баллистикалық зымыран сақтаулы тұр. Өндіріс уақытша тоқтаған күннің өзінде, бұл қор қақтығыс қайта басталған жағдайда соққыларды жалғастыруға толық жеткілікті.
АҚШ пен Израиль жылдар бойы стратегиялық одақтас болып келді. Бірақ қазіргі сәтте Трампқа Нетаньяху бір мезетте әрі одақтас, әрі кедергіге айналып отыр. Израильдің Ливандағы әскери операциялары Трамптың Иранмен мәміле жасау жоспарын бұза бастағандай. Нетаньяху Бейруттың оңтүстік шетіндегі «Хезболла» бақылауындағы аймақтарға соққы беруге бұйрық бергеннен кейін жағдай күрт өзгерді. Ливаннан мыңдаған адам тағы да босып шықты. Сондықтан да Тегеран бұл әрекетті АҚШ-Иран келісіміне тікелей соққы деп қабылдайды.
Міне, осы жерде Трамп пен Нетаньяху арасындағы араздық туған сыңайлы. Axios дереккөздері Трамп телефон арқылы Нетаньяхуды қатты сөккенін жазды. Әрине, мұндай жабық әңгімелердің барлық деталі ресми түрде растала бермейді. Бірақ оқиғаның саяси мәні анық – Трамп Нетаньяхудың Ливандағы әрекеті Иранмен келісімді бұзып жіберуі мүмкін екенін түсінді. Бұдан бөлек, Ақ үй басшысы Израиль Бейрутты қайта бомбаласа, Иран келіссөзден шығып, Ормуз жабылып, мұнай бағасы қайта көтерілетінін, соның салдарынан АҚШ ішіндегі экономикалық қысым күшейетінін жақсы біледі. Сондықтан Трамп Нетаньяхуды тоқтатуға мәжбүр. Бірақ Нетаньяху да оңай-оспақ емес. Израиль қоғамында «Хезболлаға» жұмсақ қарады деген айып Нетаньяху үшін қауіпті. Сондықтан ол Трамптың дипломатиялық жоспарына толық бағына қоймайды.
Ормуз бұғазы қазір АҚШ-Иран келіссөзіндегі ең үлкен қысым тетігіне айналғанын бұған дейін де айттық. Соғысқа дейін әлемдік мұнай мен сұйытылған газдың елеулі бөлігі осы бұғаз арқылы өтетін. Қазір Ормуздағы жағдай шиеленіскен сайын оның салқыны тек Вашингтон мен Тегеранға емес, бүкіл әлемге тиеді. Мұнай бағасының көтерілуі биржалық көрсеткіш емес. Ол жанармай бағасына, тасымал құнына, азық-түлік логистикасына, гуманитарлық көмек жеткізуге, инфляцияға әсер етеді. Ормуздағы бір әскери инцидент Африкадағы гуманитарлық жүкке, Еуропадағы газ бағасына, Азиядағы өндіріс шығынына ықпал етуі мүмкін. Иран осыны жақсы біледі. Білгендіктен, Ормузды толық ашып жіберуге асықпайды. Сондықтан да Ормуз мәселесі шешілмейінше, АҚШ пен Иран арасындағы келісім толыққанды мәміле бола алмайды. Тараптар қағаз жүзінде ортақ келісім тапқан күннің өзінде, бұғаздағы кеме қатынасы қалпына келмесе, порттарға жасалған қысым тоқтамаса, Парсы шығанағындағы әскери қауіп сейілмесе, бұл келісім ұзаққа бармайды. Қазіргі ахуал кім Ормузды бақыласа, сол келіссөздің бағытын да бақылай алатынын көрсетті.
Тұрсынбек БАШАР