Саясат

Трамп пен Путин Ресей дизелін АҚШ-қа жеткізу туралы келісімге келді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы "өте нәтижелі" келіссөз жүргізгенін хабарлады.

Фото: Getty images

 Әңгіме барысында тараптар Ресейдің дизель отынын АҚШ пен әлемдік нарыққа жеткізу жөнінде келісімге келген.

Трамптың айтуынша, Ресей жақын арада 300 мың тоннадан астам дизель отынын жеткізуі тиіс. Қараша айында тағы 500 мың тонна, одан кейін қосымша 1 миллион тонна отын жеткізу жоспарланған.

АҚШ президенті алдағы уақытта Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарының мүмкіндігіне қарай жеткізілім көлемі тағы бірнеше миллион тоннаға ұлғаюы мүмкін екенін айтты.

Трамп бұл келісім АҚШ-та және әлемдік нарықта дизель отынының бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Сол күні АҚШ Қаржы министрлігі Ресей дизеліне қатысты операцияларға рұқсат беретін OFAC-тың уақытша бас лицензиясын жариялады. Құжат Ресейде өндірілген дизель отынын сатуға, жеткізуге, түсіруге және импорттауға, соның ішінде АҚШ аумағына әкелуге мүмкіндік береді. Рұқсат 2027 жылғы 7 сәуірге дейін күшінде болады.

Кейін Владимир Путин телефон арқылы сөйлесу кезінде әлемдік энергетика мәселелері талқыланғанын растады. Оның айтуынша, Ресей АҚШ пен әлемдік нарыққа мұнай және мұнай өнімдерін жеткізуге дайын.

Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак та Мәскеудің дизель отыны экспортына қойылған шектеулерді мерзімінен бұрын алып тастай бастағанын хабарлады. Оның сөзінше, алдағы уақытта экспорт көлемі айына 3 миллион тоннаға жетуі мүмкін.

Айта кетейік, 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан кейін Вашингтон санкциялар енгізіп, АҚШ Ресейден мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алуды іс жүзінде тоқтатқан еді.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл келісімді сынға алып, оны "соғысқа салынған инвестиция" деп атады. Оның пікірінше, соғысты бәсеңдету жөнінде келісімге келмей тұрып санкцияларды жеңілдету Мәскеудің мүддесіне қызмет етеді.

Сайт Әкімшілігі