Трамп пен Си келіссөздері саяси серпіліс әкелмеді
Ақ үйде өткен келіссөздер мен мемлекеттік банкет барысында Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Тайвань, Иран, Украина және жасанды интеллект мәселелерін талқылады.
Екі ел басшылары жылы қарым-қатынасын көрсетуге тырысқанымен, АҚШ пен Қытай саяси тұрғыдан айтарлықтай серпіліске қол жеткізе алмады.
АҚШ президенті Дональд Трамп 24 қыркүйек, бейсенбі күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің құрметіне Ақ үйде салтанатты мемлекеттік банкет өткізді. Алайда бұл кездесуде саяси тұрғыдан елеулі келісімдерге қол жеткізілген жоқ.
Қонақтар арасында АҚШ-тың ірі технологиялық компанияларының басшылары, соның ішінде Tesla компаниясының басшысы Илон Маск, Apple басшысы Тим Кук және OpenAI жетекшісі Сэм Альтман болды.
Трамп өз сөзінде Қытай мен АҚШ арасындағы жеке әрі саяси байланыстарға тоқталып, екі елдің «бұрын-соңды бір-бірін дәл қазіргідей жақсы түсінбегенін» мәлімдеді.
Си Цзиньпин болса, біршама ұстамды сөйледі. Оның айтуынша, екі мемлекет жауапкершілігі жоғары ірі державалар ретінде әрекет етіп, өзара қарым-қатынастың жаңа үлгісін табуы керек.
Тайвань мәселесі
Бұған дейін өткен екіжақты келіссөздерде тараптар Тайвань, Иран, Украина және жасанды интеллект секілді сезімтал мәселелерді талқылады.
Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, Си Цзиньпин АҚШ-ты Тайваньның тәуелсіздігіне қарсы тұруға шақырған.
Трамп мамыр айында Қытайға жасаған сапарынан кейін Тайваньға шамамен 14 млрд доллар көлеміндегі қару-жарақ пакетін жеткізуді тоқтатқан еді. Ол бұл мәселені келіссөз тақырыбы деп атаған.
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуына тоқталған Си Цзиньпин бұл технология әрдайым адамның бақылауында қалуға тиіс екенін айтты.
Дереккөздердің пікірінше, мемлекеттік банкетке технология саласының өкілдері қатысқанына қарамастан, Трамп АҚШ технологияларын Қытайға экспорттауға қойылған қатаң шектеулерді сақтап қалуы мүмкін. Бейжің бұл шектеулерді жеңілдетуге мүдделі.
Иран бойынша да келіспеушілік сақталды
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы мәселесінде де тараптардың ұстанымдары жақындай түскен жоқ.
Си Цзиньпин тек атысты тоқтату режиміне қайта оралуға шақырды.
Дипломатиялық келіссөздерден бөлек, Трамп мемлекеттік банкет кезінде қонақтарға өзінің құрылыс жобаларын да таныстырды. Ол қатысушыларды Ақ үй аумағында салынып жатқан жаңа бал залының құрылыс алаңын көруге шақырды.
Бұған дейін Трамп Си Цзиньпинге жуырда салынған тікұшақ алаңын да көрсеткен.