Саясат

Трамп пен Зеленскийдің кездесуі жабық форматта өтті

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Вашингтондағы кездесуі жабық форматта өтті.

Фото: ашық дереккөз

Кездесуге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылмады және оның қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған жоқ.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Зеленский Ақ үйде бір сағаттан астам уақыт болған.

Кездесуден кейін Владимир Зеленский Telegram-арнасында Дональд Трамппен «жақсы кездесу» өткізгенін жазды.

«Украина халқының өмірін қорғау және бейбітшілікке қол жеткізу жолында бірге атқарып жатқан жұмыстарымыз үшін алғыс айтамын. Ең алдымен президент Трампқа Линдси Грэмнің қайтыс болуына байланысты көңіл айттым. Ол Украинаның нағыз досы еді», – деді Зеленский.

Оның айтуынша, кездесуде Patriot әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымыран-тосқауылдағыштарды өндіруге лицензия беру мәселесі, сондай-ақ басқа да бірқатар бастамалар талқыланған.

Сонымен қатар тараптар Украинадағы соғысты аяқтауға бағытталған дипломатиялық күш-жігерді және келіссөздер үдерісін жандандыру жолдарын сөз еткен.

«Біздің командалар алдағы ынтымақтастықтың егжей-тегжейін келіседі. Америка Құрама Штаттарының тұрақты қолдауына ризамын», – деп жазды Украина президенті.

Әуе қорғанысы – басты басымдық

АҚШ-қа сапары қарсаңында Зеленский америкалық тараппен келіссөздердегі №1 басымдық ретінде Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғанысын күшейту және екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты атаған болатын.

Reuters агенттігінің дерегінше, Зеленский Киевті Ресейдің үздіксіз шабуылдарынан қорғау үшін қажет әуе қорғанысы құралдарын жеткізу мәселесін көтеруді жоспарлаған. Сондай-ақ тараптар екі ел арасындағы дрондарға қатысты келісімді аяқтау мәселесін талқылауды көздеген.

Бұдан бөлек, Reuters ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Украина мен АҚШ өкілдері Ресейге соғысты тоқтату шарттарының ықтимал жаңа пакеті аясында әуе кеңістігінде уақытша бітім орнату туралы ұсыныс жасау мүмкіндігін де талқылағанын хабарлады.

Сайт Әкімшілігі