Саясат

Трамп Ресей мен Украина энергетикалық нысандарға шабуылды тоқтатуға келіскенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украинаның энергетикалық нысандарға соққы жасамау туралы келісімге келгенін мәлімдеді.

Фото: скриншот

Трамптың айтуынша, тараптар "энергетикалық бітім" жасауға келіскен. Келісім дереу күшіне еніп, энергетикалық инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасауды тоқтатуды көздейді. Алайда АҚШ президенті келісімнің егжей-тегжейін жариялаған жоқ.

Ал Киев үшін Трамптың бұл мәлімдемесі күтпеген жаңалық болған.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей украиналық энергетика нысандарына шабуыл жасауды шынымен тоқтатса, Украина да энергетикалық бітімді сақтауға дайын екенін айтты. Сонымен қатар ол келісімнің нақты қашан күшіне енетінін түсіндіруді сұрады.

Бұған дейін Зеленский Ресей Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымға шабуыл жасауды тоқтатқан жағдайда, Украина да Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруден бас тартуға дайын екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, Трамп бұған дейін де осындай келісімге қол жеткізілгенін хабарлаған болатын. Алайда сол мәлімдемеден кейін де тараптардың энергетикалық нысандарға өзара шабуылдары жалғасқан.

Әзірге Ресей мен Украина арасында энергетикалық бітімнің нақты шарттары мен оның орындалуын бақылау тетіктері туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі