Трамп: “Ресей G8 құрамынан шығарылмағанда, Украинадағы соғыс болмас еді”
АҚШ президенті Дональд Трамптың пікірінше, Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін "Үлкен сегіздік" (G8) құрамынан шығарылмағанда, Украинадағы соғыс басталмауы мүмкін еді.
Трамп бұл шешімге сол кездегі АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігі ықпал еткенін айтты. Оның сөзінше, Ресей басшысы Владимир Путин бұл қадамды жеке басына жасалған қорлық ретінде қабылдаған.
Ақ үй басшысы Ресейді G8 құрамына қайта қосуды қалайтынын да жасырмады. Ол Батыс елдері Украинадағы соғысты талқылап, алайда қақтығыстың негізгі тараптарының бірі саналатын Мәскеуді келіссөз үстеліне шақырмауын қисынсыз деп санайды. Трамптың ұстанымы Ресеймен тікелей дипломатиялық диалог орнату қажеттігіне саяды.
Сонымен қатар АҚШ президенті алдағы G20 саммитіне Владимир Путиннің қатысу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Алайда мұндай шешімге кейбір серіктес елдер қарсылық білдіруі мүмкін екенін ескертті.