Сараптама

Трамп Рим папасын сынға алып, Иса бейнесіндегі суретін жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп Рим папасы Лев XIV-ті сынға алып, әлеуметтік желіде өзін Иса Мәсіх бейнесінде көрсететін сурет жариялады. Бұл қадам қоғамда кең резонанс тудырып, кейін сурет өшірілді.

Фото: Getty Images

Трамп Truth Social желісінде папаны «қылмыспен күресте әлсіз» және «сыртқы саясатта сәтсіз» деп атады. Оның айтуынша, папаның Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты мәлімдемелері оған ұнамаған.

«Мен Иранның ядролық қаруға ие болуын қалыпты деп санайтын папаны қаламаймын. Мен АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы әрекеттерін сынайтын папаны қаламаймын. Сондай-ақ өз жұмысын атқарып жатқан АҚШ президентін сынға алатын папаны да қаламаймын», – деді Трамп.

Ол Лев XIV-тің папа болып сайлануын да сынға алып, оның бұл қызметке келуінде өзінің де ықпалы болғанын меңзеді.

«Егер мен Ақ үйде болмасам, Лев те Ватиканда болмас еді», – деп жазды ол.

Трамп сондай-ақ папа «радикал солшылдарға жағынуды тоқтатып, саясаткер емес, нағыз рухани көшбасшы болуға назар аударуы тиіс» екенін айтты.

Папаның ұстанымы

2026 жылдың қаңтарында Рим папасы Лев XIV дипломатиялық корпусқа арнаған сөзінде күшке негізделген саясаттың күшеюіне алаңдаушылық білдірген. Ол мемлекеттерді диалог пен келісімге шақырып, босқындар, мигранттар және тұтқындардың құқықтарын қорғауға үндеген.

Трамптың сынына жауап ретінде папа бұл мәлімдемелерді талқылағысы келмейтінін жеткізді.

«Мен ешкімнен қорықпаймын және Інжілдің үндеуін ашық айтудан тайынбаймын. Біз саясаткер емеспіз, біз сыртқы саясатқа басқа тұрғыдан қараймыз», – деді ол журналистерге.

Сонымен қатар, папа барлық тараптарды бейбітшілікке ұмтылып, соғыстан аулақ болуға шақырды.

Саяси реакция

Трамптың мәлімдемесіне Италия премьер-министрі Джорджа Мелони де пікір білдіріп, оны қолайсыз деп бағалады.

«Папа – католик шіркеуінің басшысы. Оның бейбітшілікке шақыруы – дұрыс әрі қалыпты нәрсе», – деді Мелони.

Сондай-ақ Италия премьер-министрінің орынбасары Маттео Сальвини де Трамптың сөздерін сынға алды.

«Папа Лев – миллиардтаған католиктердің рухани көшбасшысы. Бейбітшілікке ұмтылған адамға шабуыл жасау – дұрыс емес», – деді ол.

Фото: ашық дереккөз

Иса бейнесіндегі сурет дауға айналды

12 сәуір күні Трамп жасанды интеллект көмегімен жасалған суретін жариялады. Онда ол ауруханада тұрған, қолынан жарық таралып, науқасты емдеп жатқан кейіпте бейнеленген.

Сурет әлеуметтік желілерде, соның ішінде Трампты қолдаушылар арасында да сынға ұшырады. Кейбірі бұл әрекетті «шектен шығу» және «құрметсіздік» деп бағалады.

Fox News жүргізушісі Райли Гейнс Трампқа «қарапайым болуға» кеңес берсе, Daily Wire авторы Меган Башам бұл постты «құдайға тіл тигізу» деп атады.

Кейін Трамп бұл суретті өзі жариялағанын растады, бірақ оны өшіріп тастады. Ол өзін Иса ретінде емес, адамдарға көмектесетін дәрігер ретінде бейнелегісі келгенін айтты.

Сайт Әкімшілігі