Қоғам

Трамп, Си Цзиньпин және Путиннен құттықтау жеделхаттары келді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп жатыр.

Фото: akorda

Олар Қазақстанның жетістіктерін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізген.

Ресей Президенті Владимир Путин құттықтауында Қазақстанның экономика мен әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталып, елдің халықаралық аренадағы беделі мен сындарлы рөлін атап өткен.

"Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында жемісті дамып келеді. Достас халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында барлық бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдете береміз деп сенемін", – деп жазған Владимир Путин.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өткен. Сондай-ақ қоғамдық тұрақтылықты сақтау, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің халықаралық ұстанымын нығайту бағытындағы жұмыстарға назар аударған.

"Қазақ-қытай қарым-қатынасын дамытуға ерекше мән беремін. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және халықтарымыздың игілігі үшін өзара іс-қимыл мазмұнын байыту мақсатында бірлесіп күш жұмылдыруға дайынмын", – деген Си Цзиньпин.

Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп та Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау хатын жолдаған болатын. Ол екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалап, өз президенттік мерзімдері кезінде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтуға сенім білдірген.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың нығаюына оң бағасын берген. Оның айтуынша, екі ел басшыларының бірлескен күш-жігерінің арқасында байланыстар жаңа сипатқа ие болып, тату көршілік пен достыққа негізделген ынтымақтастық тереңдей түскен.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды қадам болғанын атап өткен. Бұл шешім елдің тарихи мұраға адалдығын және халықтың дербес мемлекет құруға деген ұмтылысын танытқанын жеткізген.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанмен арадағы тарихи дәстүрлерге, өзара құрмет пен сенімге негізделген достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын айтқан.

Ал Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның егемендік жылдарында мемлекеттілікті нығайту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және халықаралық аренадағы беделін арттыру бағытында елеулі жетістіктерге жеткенін атап өткен.

Сайт Әкімшілігі