Сараптама

Трамп Сиді «досым» деді, бірақ Қытайдан құр қол қайтты

АҚШ президенті Дональд Трамп 13-15 мамыр күндері Қытайға жасаған сапары барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер өткізді.

Фото: ашық дереккөз

Алайда кездесуден кейін Бейжіңнің Boeing ұшақтарын және америкалық соя өнімдерін көбірек сатып алуы туралы жалпылама уағдаластықтан басқа нақты нәтиже байқалмады.

Келіссөздерде Иран, Ормуз бұғазы, фентанил өндірісінде қолданылатын химиялық заттар мәселесі де талқыланған. Бірақ Таяу Шығыс, Тайвань, сауда соғысы, ядролық қарудың таралуы, жасанды интеллект секілді негізгі түйткілдер бойынша айтарлықтай ілгерілеу болмаған.

The New York Times басылымының жазуынша, Трамп бұл жолы нақты келісімдерден гөрі Си Цзиньпинмен жеке қарым-қатынас орнатуға көбірек мән берген.

Пекиндегі банкетте Трамп Сиді «менің досым» деп атап, оның құрметіне тост көтерген. Келесі күні журналистер алдында ол Қытай басшысымен «шынымен досқа айналғанын» айтқан.

Алайда Қытай сыртқы істер министрлігі Си Трампты дос санай ма деген сұраққа дипломатиялық қалыптағы қысқа жауаппен шектелген: «Тараптар маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты».

NYT сарапшыларының пікірінше, бұл жағдай Трамптың жеке харизма мен лидерлік қасиетке сүйенетін сыртқы саясатының әлсіз тұстарын көрсетті. Басылымның жазуынша, Қытай басшысы Трамптың мақтау мен символикалық дипломатияға бейімділігін жақсы түсінеді және оны өз пайдасына қолдана алады.

АҚШ–Қытай қатынастары жөніндегі сарапшы Орвилл Шелл саммитті «нақты негізі жоқ, тек ниет деңгейіндегі кездесу» деп бағалаған.

Сапар барысында Трамп Си туралы ерекше жылы пікірлер айтып, тіпті оның сырт келбетін де мақтаған. Fox News арнасына берген сұхбатында ол Сиді «өте ұзын бойлы адам» деп сипаттап, «әсіресе бұл ел үшін, өйткені олар аласа болуға бейім» деген даулы пікір айтқан.

Сарапшылар Трамптың мұндай жеке қарым-қатынасқа негізделген дипломатиясы бұған дейін де нәтиже бермегенін еске салады. Мәселен, ол алғашқы президенттік кезеңінде Ким Чен Ынмен жақсы байланыс орнатқанын айтқанымен, Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға көндіре алмаған. Сол сияқты Владимир Путинмен тұрақты байланысына қарамастан, Украинадағы соғысты тоқтата алған жоқ.

NYT мәліметінше, Қытай тарапы да Трамп жариялаған көптеген «жетістіктерді» ресми түрде растаудан бас тартқан. Мысалы, Трамп Қытайдың 750 Boeing ұшағын сатып алуы мүмкін екенін мәлімдесе, Қытай сыртқы істер министрі Ван И бұл мәселе әлі толық келісілмегенін айтқан.

Сонымен қатар Си Цзиньпин Трампқа Тайвань мәселесі төңірегінде қақтығыс қаупі бар екенін ескерткен. Ал Трамптың өзі Тайвань туралы тек ұшағы Пекиннен ұшып шыққаннан кейін ғана пікір білдірген.

Соған қарамастан, Трамп саммиттің басты нәтижесі ретінде нақты келісімдерді емес, екі ел басшылары арасындағы қарым-қатынасты атады.

«Ең маңыздысы — қарым-қатынас. Бәрі соған байланысты. Бұл мағынасыз естілетін шығар, бірақ шын мәнінде бәрін шешетін де — сол», — деді АҚШ президенті.

Қытай тарапы да кездесудің жеке дипломатиялық сипатына жоғары баға берген. Қытай СІМ басшысы мемлекет басшылары арасындағы дипломатияны «әлемдегі ең маңызды әрі күрделі екіжақты қатынастардың бағдаршамы» деп атаған.

Трамп Си Цзиньпинді қыркүйекте Вашингтонға шақырды. Бұдан бөлек, екі лидер 2026 жылы тағы бірнеше халықаралық шара аясында кездесуі мүмкін.

Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл кездесулер АҚШ үшін нақты саяси не экономикалық нәтиже бере ме, әзірге белгісіз. Оның үстіне, Си Цзиньпиннің келесі аптада Қытайға келетін Владимир Путинмен байланысын жалғастыруы Бейжіңнің Мәскеуді маңызды геосаяси серіктес ретінде қарастыратынын көрсетеді. Ал Вашингтондағы көптеген саясаткерлер бұл байланысты АҚШ қауіпсіздігіне қауіп деп санайды.

Сайт Әкімшілігі