Трамп Тоқаевқа құттықтау жолдап, кездесетінін мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады.
Ақ үй басшысы құттықтау жеделхатында соңғы бір жылда екі ел арасындағы қарым-қатынастың айтарлықтай дамығанын атап өтіп, алдағы уақытта Қазақстан президентімен жеке кездесетінін мәлімдеді.
Дональд Трамптың құттықтау хатында бірнеше маңызды мәселеге назар аударылған.
Екіжақты әріптестік пен экономикалық байланыстар туралы:
"Өткен бір жыл ішінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап, екі елге де пайда әкелетін маңызды коммерциялық келісімдер жасасуға дейінгі аралықта әріптестігімізді тереңдете түскенімізді мақтан тұтамын", – деді АҚШ президенті.
Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы туралы:
"1991 жылы Америка Құрама Штаттары Қазақстанды халықаралық аренада егемен мемлекет ретінде бірінші болып мойындады. Сіздің еліңіздің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына деген біздің қолдауымыз мызғымайды", – делінген құттықтау хатында.
Америкалық компаниялардың Қазақстан экономикасындағы рөлі туралы:
"Америкалық компаниялар Қазақстанның экономикалық жетістіктеріне елеулі үлес қосты және алдағы уақытта да маңызды рөл атқара береді. Елдеріміз арасындағы нығайып келе жатқан достық қарым-қатынас алдағы ондаған жыл бойы нақты нәтижелер беретініне сенімдімін", – деп атап өтті Трамп.
Құттықтау жеделхатының соңында АҚШ президенті желтоқсан айында өтетін G20 саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді асыға күтетінін жеткізді.