Саясат

Трамп Украинадағы соғысты жыл соңына дейін тоқтатуға асығып жатыр – Financial Times

Трамп Украинадағы соғысты жыл соңына дейін тоқтатуға асығып жатыр – Financial Times

Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісімге 2027 жылдың қаңтарына дейін қол жеткізуді көздеп отыр. Вашингтон келіссөздерді жеделдетуге күш салуда. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.

Басылымның келіссөздерден хабардар төрт дереккөзіне сүйенсек, Трамп әкімшілігі Украина мен Еуропа елдерінің өкілдеріне бейбіт келісімді қаңтар айының басына дейін жасасу қажеттігін жеткізген.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнер соңғы күндері Мәскеу, Дублин және Берлин қалаларында Ресей, Украина және Еуропа өкілдерімен бірқатар кездесу өткізген. Америкалық тарап келіссөздерді барынша жылдам аяқтауға тырысып жатыр.

Алайда Вашингтонның асығыстығы Киев пен Еуропада алаңдаушылық туғызған. Еуропалық шенеуніктердің бірі бейбіт келісімге қол жеткізу үшін Украинадан елеулі жер және саяси шегіністер талап етілуі мүмкін екенін айтқан.

«Америкалықтар асығып жатыр, ал Путин асығар емес», – деген келіссөздерден хабардар еуропалық шенеуніктердің бірі.

Financial Times мәліметінше, Трамптың келісімді жыл соңына дейін аяқтауға ұмтылуы АҚШ-тағы ішкі саяси өзгерістермен де байланысты.

Қарашадағы аралық сайлаудан кейін демократтар Конгрестің екі палатасында да басымдыққа ие болды. Жаңа құрам 2027 жылдың қаңтарында жұмысқа кіріскен соң, Украинаға әскери көмекті арттырып, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге күш салуы мүмкін.

Киевтегі шенеуніктер Вашингтонның қысымы Украина президенті Владимир Зеленскийді Мәскеудің талаптарына көнуге мәжбүр етуі мүмкін деп алаңдайды.

Ал Ресей тарапы әзірге өз ұстанымынан бас тартқан жоқ. Мәскеу Украинаның Донбастағы аумақтарынан бас тартуын, НАТО-ға кіру жоспарынан түбегейлі бас тартуын және қарулы күштерінің санын шектеуін талап етіп отыр.

Бұған қоса, Кремль Еуропаның қауіпсіздік жүйесіне қатысты да өзгерістер енгізуді көздейді.

Financial Times дереккөздерінің айтуынша, Ресей алдағы уақытта Украинаға әуе шабуылдарын күшейту арқылы келіссөздердегі өз позициясын нығайтуды жоспарлап отыр. Бұл Мәскеудің жақын арада бейбіт келісімге келуге асықпайтынын көрсетеді.

Осы аптада Қытайда Дональд Трамп пен Владимир Путин кездескен. АҚШ президенті Ресей басшысының соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға дайын екенін мәлімдегенімен, Мәскеу әзірге нақты келісімге келген жоқ.

Осылайша, Вашингтон соғысты жыл соңына дейін тоқтатуға күш салып жатқанымен, Украина мен Ресей арасындағы аумақтық мәселелер және қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты қайшылықтар шешілмей отыр.

Сайт Әкімшілігі