Саясат

Трамп Зеленскийді Майамидегі G20 саммитіне шақыруға дайын екенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді желтоқсанда Майамиде өтетін "Үлкен жиырмалық" (G20) саммитіне шақыруға дайын екенін айтты.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

 Бұған дейін Вашингтон Ресей президенті Владимир Путинге де шақыру жіберген.

Трамп бұл туралы 31 қазанда Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында журналистермен сөйлесу кезінде мәлімдеді. Тілшілер одан Ресей президенті Владимир Путин шақырылған G20 саммитіне Украина басшысы Владимир Зеленскийді де шақыру мүмкіндігін сұраған.

"Иә, шақырар едім. Ешқандай мәселе жоқ", – деп жауап берді Трамп.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да Зеленскийдің саммитке қатысу мүмкіндігін жоққа шығармаған. Оның айтуынша, егер Украина президентінің қатысуы дипломатиялық келіссөздерге оң әсер ететін болса, Вашингтон мұндай шешімді қарастыруы мүмкін. Алайда түпкілікті шешімді Трамп қабылдайды.

Путин де шақырылған

G20 елдері басшыларының саммиті 2026 жылғы 14–15 желтоқсанда АҚШ-тың Майами қаласында өтеді.

Вашингтон бұған дейін Ресей президенті Владимир Путинге ресми шақыру жіберген. Алайда Кремль басшысының жиынға қатысатыны әзірге белгісіз.

Путиннің шақырылуы Еуропада пікірталас туғызды. Бірқатар еуропалық саясаткер Ресей Украинаға қарсы соғысын жалғастырып жатқан кезде Путинді халықаралық саммитке шақыруға қарсылық білдірген.

Ал АҚШ әкімшілігі халықаралық дағдарыстарды шешу үшін келіспеушіліктері бар мемлекеттердің басшыларымен де келіссөз жүргізу қажет екенін алға тартып отыр.

Зеленский Путинмен кездесуге дайын

Бұған дейін Владимир Зеленский Майамидегі саммитке Путин қатысатын болса, Ресей президентімен кездесуге дайын екенін мәлімдеген.

Украина басшысы соғысты тоқтату мәселесін тікелей талқылау қажет деп есептейді.

Алайда Кремль Зеленский мен Путиннің Майамиде кездесу мүмкіндігіне қатысты теріс ұстаным білдірген. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай кездесудің мүмкін емес екенін айтқан.

Соған қарамастан, Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Киевтің Ресей президентімен келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ кездесудің Мәскеуде, Беларусь немесе Солтүстік Кореяда өтпеуі керектігін мәлімдеген.

Трамп соғыс жақын арада аяқталады деп үміттенеді

Журналистермен әңгімесінде Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғыс алдағы уақытта аяқталуы мүмкін деген пікірін тағы қайталады.

"Менің ойымша, Ресей мен Украина арасындағы соғыс алыс емес болашақта аяқталады", – деді АҚШ президенті.

Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұған дейін соғысты келіссөз арқылы жақын арада тоқтату мүмкіндігіне күмән келтірген болатын.

Ол бейбіт келісімге қол жеткізудің нақты мүмкіндігі әзірге белгісіз екенін және тараптар келісім жасасуға жақындады деп айтуға негіз жоқ екенін мәлімдеген.

Әзірге Зеленскийдің G20 саммитіне қатысатыны ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ Майамиде Украина мен Ресей президенттерінің тікелей кездесуі өтетіні жөнінде келісім жасалғаны хабарланбады.

Сайт Әкімшілігі