Трамп: Зеленскийдің жағдайы «әлдеқайда жақсырақ»
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғыста Украина президенті Володимир Зеленськийнің әрекеттеріне оң баға берді. Оның айтуынша, екі тарап та үлкен шығынға ұшырап жатқанымен, Зеленскийдің жағдайы «әлдеқайда жақсырақ».
24 маусымда Ақ үйде НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен өткен баспасөз мәслихатында журналистер Трамптан: «Зеленский қазір жеңіп жатыр деп ойлайсыз ба?» деп сұрады.
«Ең болмаса, ол өз позициясын ұстап тұр. Екі жақтан да көп адам қаза тауып жатыр. Бірақ меніңше, оның жағдайы әлдеқайда жақсырақ», – деді АҚШ президенті.
Бұл мәлімдеме Трамптың бұрынғы ұстанымынан өзгеше. Бұған дейін ол бірнеше рет Зеленскийді сынға алып, оны қақтығысты бейбіт жолмен шешуге кедергі келтіріп отыр деп айыптаған болатын.
Баспасөз мәслихатында Трамп Германияны және Еуропаның бірқатар елдерін АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты саясатын жеткілікті қолдамағаны үшін де сынға алды.
Оның айтуынша, Вашингтон Германиядан көбірек саяси қолдау күткен. Сонымен бірге АҚШ Германия мен Еуропадағы әскери контингентін ұстауға жүздеген миллион доллар жұмсап отырғанын айтты.
Бұған дейін G7 саммиті аясында Трамп Зеленскиймен кездесіп, келіссөзді «өте жақсы өтті» деп бағалаған. Сондай-ақ Ресей мен Украина бейбіт келісімге келуі тиіс екенін айтып, бұған қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын мәлімдеген.
24 маусымдағы кешкі үндеуінде Зеленский де G7 аясында талқыланған әскери және қаржылық көмектің уақытында жеткізілуі Ресейді бейбіт келіссөздерді таңдауға мәжбүрлейтін жағдайды тезірек қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Алайда оның қалай жүзеге асатынын нақтыламады.