Саясат

Трамптың жоспарына байланысты Зеленский украиндарға үндеу жасады

Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамп ұсынып жатқан бейбіт жоспар төңірегіндегі талқылауларға байланысты видеоүндеу жасады.

Фото: Aaron Schwartz / CNP / Keystone Press Agency / Global Look Press

 Оның айтуынша, қазір Украина «өз тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірін» бастан өткеріп жатыр.

Президенттің сөзінше, ел алдында өте күрделі таңдау тууы мүмкін:

— «Қазір Украина өте қиын таңдау алдында қалуы ықтимал: не қадір-қасиеттен айырылу, не басты серіктестен айырылып қалу қаупі. Не 28 күрделі тармақ, не ең ауыр қыс және одан да үлкен тәуекелдер. Бостандықсыз, қадір-қасиетсіз, әділдіксіз өмір сүру және бізге екі рет шабуыл жасаған жаққа сену», — деді Зеленский.

«Ұлттық мүдде сақталуы тиіс»

Зеленскийдің айтуынша, АҚШ әзірлеп жатқан кез келген бейбіт құжатта Украина мүддесі ескерілуі қажет. Ол Еуропа және Америкамен жұмыс «сабырлы әрі жүйелі түрде» жалғасатынын жеткізді.

— «Мен басқа да ұсыныстар беремін. Бірақ біздікілер бейбітшілікті қаламайды деген дұшпанға себеп қалдырмаймыз», - деді президент.

«Қысым күшейеді»

Украина президенті алдағы аптада елге жасалатын саяси және ақпараттық қысымның арта түсетінін ескертті.

Сондай-ақ ол украин саясаткерлеріне үндеу жасап, ел ішіндегі тартыс пен айтысты тоқтатуға шақырды:

— «Мемлекет жұмыс істеуі керек. Соғыс жағдайындағы парламент бірлікпен, ал үкімет тиімді жұмыс істеуі тиіс», - деді Зеленский.

«Біз мемлекетке опасыздық жасамаймыз»

Үндеу соңында президент ел мүддесінен ешқашан бас тартпайтынын мәлімдеді:

— «Біз Украинаға 2022 жылдың ақпанында опасыздық жасамадық, қазір де олай болмайды. Тарихымыздың ең қиын сәттерінің бірінде мен жалғыз емес екенімді білемін. Алдағы кездесулер мен келіссөздерде ар-ожданды, әділ бейбітшілікке қол жеткізу оңайырақ болады. Себебі менің артымда — Украин халқы тұр», - деді ол.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Зеленский