Трамптың бұрынғы арнайы өкілі Украинаға Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді жалғастыруға кеңес берді
АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина мәселелері жөніндегі бұрынғы арнайы өкілі Кит Келлог Киевті Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді жалғастыруға шақырды.
Ол мұндай пікірді Трамптың Ресей аумағындағы мұнай өңдеу кәсіпорындарына шабуыл жасамау туралы талабына қарамастан білдірді.
АҚШ-тың бұрынғы арнайы өкілі, генерал Кит Келлог бұл туралы 12 қазанда Варшавада өткен қауіпсіздік конференциясы аясында DW басылымына берген сұхбатында айтты.
Ол АҚШ пен Ресей арасындағы дизель отыны жөніндегі келісімге байланысты Украинадағы соғыста басымдық Мәскеу жағына ауысып барады деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.
Келлогтың айтуынша, аталған келісім аясында жеткізілетін жанармай көлемі өте аз.
"Бұл келісім көбіне АҚШ-тың ішкі саяси жағдайына байланысты жасалған және қандай да бір әрекет қолға алынып жатқанын көрсетуге бағытталған", – деді генерал.
Сонымен қатар ол Дональд Трамп Украинаны сатып кетті деген пікірді де қолдамайтынын айтты. Оның сөзінше, Еуропада осылай ойлайтындар қателеседі.
"Неліктен Еуропа әлі күнге дейін мұнайының 3 пайызын Ресейден сатып алады? Неліктен сұйытылған табиғи газдың 15 пайызы әлі де Ресейден жеткізіледі? Бұл сіздер де Украинаға опасыздық жасадыңыздар дегенді білдіре ме?" – деді Келлог.
"Берілмеу керек"
Трамптың бұрынғы арнайы өкілі жағдай өзгермесе, Украина соғыста жеңіліп қалуы мүмкін екенін мойындады. Алайда ол Киев күресті тоқтатпауы керек деп есептейді.
"Бірақ қол қусырып отыруға болмайды. Берілмеу керек. Путиннің көздегені де осы – сіздердің еңселеріңізді түсіріп, күрестен бас тартқызу. Оған мұндай мүмкіндік бермеу қажет", – деді ол.
Кит Келлог Украина президенті Владимир Зеленскийдің әрекеттеріне де жоғары баға берді. Оның пікірінше, Киевтің әскери қимылдары Ресейдің соғыс үшін төлейтін шығынын барған сайын арттырып жатыр.
Сұхбат барысында журналист Келлогтан Дональд Трамптың Зеленскийге Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасамау туралы талабына Киев қалай жауап беруі керек екенін сұрады.
Америкалық генерал бұл сұраққа қысқа ғана жауап берді:
"Мұнай өңдеу зауыттарын өртесін".
Осылайша, Кит Келлог Ресейдің мұнай инфрақұрылымына шабуылдарды жалғастыруды қолдайтынын білдірді.