Цифрлы актив деген не?
Сарапшы мамандардың пайымынша, отандық қаржы жүйесінің ең осал тұсы – екінші деңгейлі банктерге тәуелдігі.
Ол олқылықты жою үшін қазір реформалар атқарылып жатыр. Баламалы қаржы құралдарын дамыту қазіргі заман талабы. Соңғы жылдары нарықты капиталдандыру айтарлықтай өсіп келеді. Осы мақсатта біз қаржы секторын дамыту үшін жасалып жатқан қадамдар жөнінде экономист-сарапшы Марал Төртеновамен тілдестік.
– Марал ханым, қазіргі қаржы секторын дамытуға қатысты қадамдарға қандай баға берер едіңіз?
– Соңғы жылдары нарықты капиталдандыру артты. Қор нарығын арттыру, биржаларға инвестиция тарту белсенді жүріп жатыр. Шағын және орта бизнесті қолдауда микронесиелер көлемі де өсіп, маңызды рөл атқара бастады. Сондықтан бұл секторда алға басу бар деп ойлаймын.
– Қазір цифрлық активтер деген ұғым пайда болды. Осыны түсіндіріп беріңізші?
–Бұл сала да өзінше даму үстінде.Цифрлы актив деген – бұл тек электронды (сандық) форматта өмір сүретін, өзіндік құндылығы бар және біреудің меншігі болып табылатын кез келген деректер жиынтығы.Қарапайым тілмен айтқанда, сіз оны қолмен ұстай алмайсыз, бірақ оған иелік ете аласыз, сата аласыз, сыйға тарта аласыз немесе пайдалана аласыз.Мәселен, криптовалюталар мен токендер. Бұл блокчейн технологиясына негізделген ең танымал цифрлық активтер.Биткоин, эфириум сияқты цифрлық ақшалар. Олардың орталықтандырылған банкі болмайды. Қазір біздің қоғам мұның ара-жігін ажырата бастады. Елде цифрлық қаржылық активтердің айналымы реттеліп, жаңа заманауи инвестициялық класс қалыптасуда. Бұдан бөлек,қазіргі уақытта қаржы институттарына тек табыс табу емес, әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік міндеттері жүктелуде. Банктер мен сақтандыру компаниялары жобаларды қаржыландыру кезінде олардың «жасыл» экономика талаптарына сәйкестігін және көміртегі ізін тексере бастады. Бұл отандық нарықтың халықаралық капитал үшін тартымдылығын арттырады.
– Жалпы, қаржы секторының тұрақты өсуіне кедергі келтіретін қандай факторлар бар?
– Отандық секторды несиелеудің аздығы, дұрыс жолға қойылмауы – бұл саланың өсуіне кедергі. Банктердің өндіріс пен өнеркәсіпке қарағанда тәуекелі аз тұтынушылық несиелерге (халыққа қарыз беруге) көбірек иек артуы. Тұтынушылардың несиелік жүктемесінің жоғары болуы және қаржылық алаяқтарға алдануы. Бұл бағытта қаржылық сауаттылық индексін көтеру мемлекеттік деңгейдегі маңызды стратегияға айналды. Қаржы секторын дамыту – тек экономикалық көрсеткіштерді жақсарту емес, сонымен бірге әрбір азаматтың тұрақты болашағын қамтамасыз ету құралы. Алдағы жылдары Қазақстанның қаржы нарығы цифрлық инновацияларға, ашық бәсекелестікке және жауапты несиелендіруге негізделген жаңа белестерді бағындыруы тиіс.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК