Аймақ

Цифрлық медицина: сапа мен қызмет көрсету мәдениетін арттырады

Алматы облысында соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға ерекше назар аударылып отыр. Халық санының артуы, жаңа елді мекендердің көбеюі және урбанизация үдерісі медицина жүйесіне түсетін жүктемені күшейтті.

Фото: pixabay.com

Әсіресе облыс аумағында тұрғындардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету басты міндеттердің біріне айналды. Осыған байланысты өңірде жаңа ауруханалар мен емханалар салынып, ауыл медицинасы жаңартылып, цифрлық технологиялар енгізілуде.

Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиев өңірдегі әлеуметтік саланы дамытуда денсаулық сақтау жүйесі негізгі басымдықтардың бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Аймақ басшысының айтуынша, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін ең алдымен инфрақұрылымды күшейту қажет.

Соңғы жылдары облыста ондаған медициналық нысан бой көтерді. Ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен шағын медициналық орталықтар ашылып жатыр. Бұл шалғай ауыл тұрғындарының аудан орталығына сабылмай-ақ алғашқы медициналық көмекті алуына мүмкіндік береді. Әсіресе «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жұмыстардың маңызы зор. Бұрын медициналық нысаны жоқ немесе ескірген ғимараттарда отырған ауылдарда жаңа нысандар салынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.

Бүгінде өңірдегі басты мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Әсіресе кардиолог, онколог, невропатолог, анестезиолог секілді мамандарға сұраныс жоғары. Бұл мәселені шешу үшін жас дәрігерлерге көтермеақы беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету тетіктері қарастырылып жатыр. Облыс әкімдігі медициналық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауылдық жерлерге маман тарту бағытындағы бағдарламаларды күшейтуді қолға алған.

Сарапшылардың пікірінше, тек ғимарат салып қана қою жеткіліксіз. Ең маңыздысы – медицина сапасы мен қызмет көрсету мәдениетін арттыру. Себебі тұрғындардың шағымы көбіне ұзын-сонар кезекке, дәрігер қабылдауына жазылудың қиындығына және кейбір емханалардағы қызмет сапасына байланысты туындайды.

Соңғы уақытта облыста цифрлық медицина жүйесі де қарқынды дамып келеді. Емханаларда электронды кезек, медициналық карталарды цифрландыру, онлайн кеңес беру қызметтері енгізілуде. Бұл қағазбастылықты азайтып, дәрігер мен науқас арасындағы байланысты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект элементтерін пайдалану арқылы диагностика сапасын арттыру мәселесі де күн тәртібіне шыққан.

Медицина саласындағы тағы бір маңызды бағыт – ана мен бала денсаулығы. Алматы облысында перинаталдық орталықтарды жаңарту, балалар ауруханаларын заманауи құралдармен жабдықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Өйткені халық саны өсіп келе жатқан өңірде бұл бағыттағы жүктеме де жыл сайын артып келеді. Халық саны қарқынды өсіп жатқан өңір үшін бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі сапалы медицина – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыратын негізгі факторлардың бірі.

Жігер ӘШІМ,

Алматы облысы

Сайт Әкімшілігі