ЦРУ директоры Уиткоффты Ресей және Украинамен келіссөздерде алмастыруы мүмкін
АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздерде АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың орнына негізгі келіссөз жүргізуші болуы мүмкін.
Бұл туралы Financial Times дереккөздеріне сілтеме жасап жазды.
Басылым мәліметінше, Ақ үй Рэтклиффтің Мәскеу және Киевпен келіссөздердегі рөлін күшейту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қыркүйектің басында Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің сапары олардың осы бағыттағы соңғы миссиясы болуы ықтимал.
Уиткофф осы уақытқа дейін Мәскеуге сегіз рет, Киевке бір рет барғанымен, келіссөздерден күтілген нәтиже шықпаған. Соған байланысты Трамп әкімшілігі соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердегі бастаманы Рэтклиффке беруді қарастырып отыр.
Дегенмен Уиткофф арнайы өкіл қызметінен кетпейді. Financial Times дереккөздерінің айтуынша, ол Рэтклиффпен қатар келіссөздерге қатысуын жалғастыруы мүмкін. Қазір олардың қайсысы қандай мәселеде жетекші рөл атқаратыны талқыланып жатыр.
Ақ үй Financial Times жариялаған ақпаратты «толығымен жалған жаңалық» деп атады. Ал ЦРУ Рэтклиффтің жаңа ықтимал рөліне қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Басылымның жазуынша, Трамп әзірге түпкілікті шешім қабылдамаған. Соған қарамастан, Рэтклиффке жақын америкалық шенеуніктер еуропалық әріптестеріне оның Мәскеу және Киевпен келіссөздерге қатысуы мүмкін екенін хабарлаған.
Financial Times дереккөздері Уиткоффтың келіссөздердегі рөлінің әлсіреуі Еуропада оң қабылданғанын жазады. Еуропалық тарап Ресеймен ұзақ уақытқа созылған келіссөздерден кейін қандай да бір ілгерілеу болады деп үміттенеді.
Ал Кушнер Украина мәселесінен гөрі Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға және АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты мәселелеріне көбірек назар аударуды жоспарлап отырған көрінеді.
Тамыздың соңында, Уиткофф пен Кушнердің Мәскеуге сапары алдында, ЦРУ директоры Джон Рэтклифф те күтпеген жерден Ресей астанасына барған. Трамп бұл сапарды «қалыпты жұмыс сапары» деп сипаттаған. Батыс БАҚ-тарының түрлі нұсқасына сәйкес, Рэтклифф Кремльді НАТО елдеріне шабуыл жасамауға шақыру, бейбіт келіссөздерді бастау және Иранмен ынтымақтастықты азайту мәселелерін көтеруі мүмкін болған.