Әлеумет

"ЦРУ" директорының Мәскеуге сапары арнайы қызметтер арасындағы байланысқа қатысты

АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Джон Рэтклиффтің Мәскеуге сапары «арнайы қызметтер арасындағы байланыстарға» қатысты.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы 26 тамызда The Washington Post Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковке сілтеме жасап хабарлады. Песков сапардың егжей-тегжейін ашпады. Оның айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин "ЦРУ" директорымен Кремльде кездеспеген.

Рэтклифф Мәскеуге АҚШ әскери ұшағымен келген

CBS телеарнасының Ақ үйдегі тілшісі Дженнифер Джейкобс пен Axios журналисі Барак Равид бұған дейін дереккөздеріне сүйеніп, Рэтклиффтің Мәскеуге келгенін хабарлаған.

Джейкобстың мәліметінше, "ЦРУ" директоры Мәскеуге АҚШ Әуе күштерінің Boeing C-17 Globemaster III әскери-көлік ұшағымен ұшып келген. Оның мақсаты Мәскеуде бірқатар кездесу өткізу болған.

Равидтің дерегінше, Рэтклифф 23 тамызда Вашингтоннан Ригаға, ал 25 тамызда Латвия астанасынан Мәскеуге аттанған. C-17 ұшағы 25 тамыз таңертең Внуково әуежайына қонған.

АҚШ билігі "ЦРУ" директорының Ресейге сапары туралы ресми түрде алдын ала хабарлаған жоқ. Сапардың нақты мақсаты және америкалық делегация құрамында басқа да жоғары лауазымды шенеуніктердің болған-болмағаны әзірге белгісіз.

Flightradar24 деректеріне қарағанда, C-17 Мәскеуге қонғаннан кейін шамамен сегіз жарым сағаттан соң қайта ұшып кеткен.

АҚШ Украинадан Мәскеу мен Санкт-Петербургке уақытша соққы жасамауды сұраған

Financial Times басылымының Украинадағы бас тілшісі Кристофер Миллердің мәліметінше, Дональд Трамп әкімшілігі өткен аптада Киевке АҚШ-тың жоғары лауазымды делегациясы Мәскеуге баратынын хабарлаған.

Осыған байланысты Вашингтон Украинадан 24, 25 және 26 тамыз күндері Мәскеу, Санкт-Петербург және Ресейдің солтүстік өңірлеріне дрондармен және алыс қашықтыққа ұшатын зымырандармен соққы жасамауды сұраған.

Миллердің айтуынша, Киев Вашингтонның өтінішін орындауға келіскен. Осындай ақпаратты Барак Равид пен «РБК-Украина» да дереккөздеріне сүйеніп таратты.

Айта кетейік, "ЦРУ" директорының Мәскеуге бұған дейінгі белгілі сапарларының бірі 2021 жылғы қарашада болған. Ол кезде агенттікті басқарған Уильям Бернс АҚШ президенті Джо Байденнің тапсырмасымен Мәскеуге келген еді.

Сайт Әкімшілігі